$ 498.34  519.72  4.85

Сайрамдық тұрғын келінін өлтірді деп айыпталуда

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында жиен інісінің әйелін өлтірді деген күдікпен 55 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті. Ол марқұмды өлімші етіп сабап, мәйітін елдімекен іргесіндегі қоқысқа тастап кеткен. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық полиция бөлімшесіне 6 сәуір күні жәбірленушінің күйеуі шағымданған. Ол әйелінің үйден белгісіз бағытқа шығып, содан қайта оралмағанын айтыпты. Араға бір аптадай уақыт салып тәртіп сақшылары Ақарыс елдімекенінің жанындағы қоқыс тастайтын орыннан 40-45 жас шамасындағы әйел адамның өлі денесін тапқан. Тексере келе мәйіттің іздеудегі әйел екені анықталды.

Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмған. Оның денесінде көптеген соққының іздері табылды. Мұнан кейін кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, полицейлер шұғыл іздестіру шаралары барысында жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Ұсталған азамат 1961 жылы туған, қайтыс болған әйелдің туысы болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдіктіні қылмыс жасауға туыстар арасындағы дау-жанжал итермелеген. Оқиға болатын күні күдікті жәбірленушіні өз көлігіне отырғызып алып, ауылдың сыртына алып шыққан. Сол жерде оны әбден ұрып, денесін қоқысқа тастап кетіпті.

Қазіргі таңда ұсталған азамат қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары