$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да құтыру дертінен тағы бір адам көз жұмды

Оңтүстік Қазақстан облысыда құтыру дертінен 27 жастағы жігіт көз жұмды. Туыстарының айтуынша, оны көшедегі қаңғыбас иттердің бірі қауып алған. Ал, науқас ауруының асқынуына марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр.

Otyrar.kz порталының хабарлауынша, жас жігітті ит 27 ақпан күні тістеп алған. Мұнан кейін ол уақытын өткізбей дереу аурухана көмегіне жүгініпті. Алайда, сенбі күні дәрігерлердің демалатынын айтқан медбике жедел жәрдем шақыруға кеңес беріп, науқасты үйіне қайтарған.

«Қолынан қан ағып тұрған. Соған шүберек байлап барды. Ол жақтағылар үйіңе барып, жедел жәрдем шақыр деген. Үйге келіп, жедел жәрдем шақырдық. Келген соң, баламды салып жібердім. Ал мен итті ұстаймын деп, осында қалдым. Ол жақта қандай дәрі салғанын білмеймін. Ал маған айтуы бойынша, оң иығына бір укол, сол иығына бір укол, сосын екі жамбасына екі дәрі салған» дейді марқұмның әкесі Мұхан Әшірбаев.

Ол итті ұстап, мал дәрігеріне тексеруге тапсырғам деп құса болып отыр. Ондағы мамандар 4 наурыз күні төбеттің құтырумен ауыратынын анықтап, қорытынды шығарып берді дейді.

Жақындарының айтуына қарағанда, 2 сәуірде науқастың жағдайы күрт нашарлап, жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Араға 4 күн салып, сырқат жігіт жан тәсілім етіпті. Айта кетейік, қаңтар айында еліміздің ақ халаттылары құтыру ауруының дендеп бара жатқанын айтып дабыл қаққан еді. Ал, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ит тістеп алған жағдайда міндетті түрде дәрігерлерге қаралуға кеңес берді. Бірақ марқұмның туыстары жергілікті жердегі ақ халаттылардың әрекетсіздігінен арысымыздан айрылдық деп ашынып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары