Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті өңірдегі басқарма басшысы мен орынбасарын қолға түсірді деп хабарлайды Sn.kz Бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Т.Махамбетов пен оның орынбасары А.Оңаевты қаржы полицейлері өңірдегі ірі компания басшыларынан пара алып келген деп айыптуда.
Т.Махамбетов өзінің қызметін асыра пайдаланып, «Өзен-Жылу» мемлекеттік мекемесін тексеру кезінде мәлім болған кемшіліктерге көз жұма қараған және тексеруді жүргізген өз қызметкерлеріне аталған заңсыздықтарды көрсетпеуін бұйырған. Ал, оның орынбасары А.Оңаев болса басшысының заңсыз бұйрығын орындай отырып, 9 миллион 600 мың теңге болатын әкімшілік айыппұл көлемін 3 миллион 200 мың теңгеге дейін қысқартып жазған.
Осылайша, қос шенеунік мемлекетке 6 миллион 400 мың теңге көлемінде шығын келтірді. Қазіргі таңда олар уақытша қамау абақтысына жабылып, тергеліп жатыр.