Хакім Абайды тек қазақ халқы ғана емес, күллі әлем мойындаған. Абай Құнанбайұлының шығармаларының бірнеше тілде аударылып шығарылуы соның айғағы. Қазақтың бас ақыны Абай әлемге қалай танылды? Бұл жөнінде қандай ақпараттар бар деген сауалдың жауабы ретінде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының балалар кітапханасының қызметкерлері оқырмандарына танымдық материалдарын ұсынды. Кітапхананың фейсбук парақшасында «Абай туралы тұңғыш рет пікір білдірген шетел жазушысы кім?» деген тақырыптағы құнды мәлімет көпшіліктің қызығушылығын туғызғандай.
«Данышпанды дүние жүзіне танытқан – Джордж Кеннан. Қолайлы сәтті пайдаланып бір деректі ұсынғым келеді. Иә, ол дерек бізге бұрыннан таныс. Қайталаудың қажет еместігін ескертіп, қарсы пікір айтуға құқылысыз. Американ жазушысы, саяхатшысы, журналисі, данышпан, Абайдың түйдей құрдасы Джордж Кеннанды (1845-1924) Семей қаласындағы саяси тұтқындармен әңгімелескенде шаһардағы көпшілік кітапханада құнды кітаптардың жинақталғаны және онда тұрғылықты халық арасынан шыққан зиялы оқырманның бар екендігі таң қалдырады», - деп басталған материал одан әрі шетел жазушысының сөзімен өрбиді.
«Д.Кеннанның өзіне сөз берейік: «Г-н Леонтьев передал мне историю Семипалатинской библиотеки и выразил мнение, что она не только большое благо для ссыльных, но и возбуждает интеллектуальные интересы в городе. «Даже киргизы пользуются ею», - сказал он:
- Я знаю одного старика киргиза Ибрагима Конобая [ұғыңыз: Абай Құнанбаев – А.Е.], который ходит в библиотеку и читает даже таких авторов, как Дрэпер и Милль.
- Ну, Вы шутите! – воскликнул веселый студент.
- Нисколько, - холодно отвечал Леонтьев. – Сначала он и меня удивил, попросив у меня объяснения, что такое индукция и дедукция; но потом я узнал, что он усердно изучает английскую философию и читает в русском переводе, конечно, этих авторов».
Д.Кеннан еңбегімен танысқаннан соң, ең алдымен, жасамақ алғашқы ой – түйініміз, бұл – Абай туралы айтылған бірінші пікір, абайтанудың қарлығашындай лебіз. Және ежіктей түссек, Д.Кеннан еңбектері арқылы 1890 жылы Абай күллі әлемге танылған десек, ешкім қызғана қоймас», - дей келе Джордж Кеннанның Семейдегі сапары, еңбектері жайлы қысқа әрі мазмұнды ақпарат берілді.
«Д.Кеннанның Семейде жер аударылғандармен кездесуі, Абай жөнінде әңгіменің өрбуі 1885 жылдың аяғы немесе 1886 жылдың алғашқы айлары.
Д.Кеннан кітабы орыс тіліне аударылғанда «Сибирь и система ссылки», «Сибирь!», «Сибирь и ссылка» атауларымен шыққан. Алғаш Парижде (1890), онан соң Санкт–Петербургте (1906) баспа көрген. Соңғы басылымда «перепечатывается с Берлинского издания» деген ескертпе бар. 1896 жылғыда ақын есімін толық келтірсе, 1906 жылғы кітапта «Ученый киргиз» [«Оқымысты қазақ» - А.Е.] деп жоғары баға берілген. Журналдық нұсқалары да жетіп, артылады. Бір сөзбен айтқанда, уақытында молынан таралған басылым екендігі, қазақ тіліне аударылса қазақ оқырманы қуанышқа кенелері сөзсіз», – деп жазылған материалда.