ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылы 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша шаралар қаралды. Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
А. Мамин дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар екенін, әрі үнемі толықтырылып отыратынын атап айтты. Бұл ретте оларды дәріхана желілері мен стационарларға нақты бөлу бойынша барлық шараларды қамтамасыз ету қажет. Атырау және Маңғыстау облыстарында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша тиісінше 102 және 56 жоғары білікті маман жіберілді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезеңінде табысынан айрылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақы – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы төтенше жағдай кезіндегідей, азаматтардың жекелеген санаттарына (бұл – 1 миллионнан астам адам) азық-түлік өнімдерін алуға ақшалай көмек беруді жалғастыруды, осы жылғы үшінші тоқсанға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды қолда бар деректер негізінде (128 мыңға жуық отбасы) алдын ала жүргізуді, сондай-ақ мүгедектігін қайта куәландыру мерзімі карантин кезеңіне тап келген адамдардың (шамамен 30 мың адам) мүгедектігін үш айға автоматты түрде ұзартуды тапсырды.
Премьер-Министр әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы жағдайына халық пен бизнесті қолдау бойынша қосымша іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырды. Бұл ретте бюджет қаражатын тиімді жұмсап, инфляция деңгейін 8-8,5% деңгейінде ұстауды қамтамасыз ететін ақша-несие саясатын жүргізу қажеттігі аталды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, тауарларды сатып алу және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің жобаларын іске асыруды кеңейту туралы тапсырма берілді.
Әкімдіктерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құру санын ұлғайту жүктелді.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы қойған міндеттердің барлығы нақты орындалуы тиіс екенін атап айтты.
«Әрбір басшы олардың іске асырылуына жеке жауапты болады», — деді А. Мамин.