28 жастағы әйел қос перзентін осыдан төрт ай бұрын кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша тастап кеткен. Содан бері ұл-қызын алып кетпек түгілі балдырғандарын қайта көруге де келмеген деп жазады Otyrar.kz.
Анасынан қапыдан айырылып қалған қос балақай балаларды уақытша бейімдеу үйінде де бір-біріне қамқор. 9 жасар Виктория үнемі туған інісі Тимурдың қас қабағына қарап, анасының жоғын білдірігісі келмейді.
Бұл орталыққа келген балалар тек үш ай ғана тұрақтай алады. Дегенмен, Тимур мен Викторияның мұнда жүргеніне төрт айдан астам уақыт болған. Сондықтан орталықтың қызметкерлері тастанды балалардың жағдайын бір жақты ету үшін сотқа арыз жазыпты.Қазір бұл істі құзырлы орган өкілдері мен білім мамандарынан құралған комиссия мүшелері қарауда. Ал, қос перзентін тастап кеткен ананы полицейлер іздестіріп жатыр.
Сәуле Оңғарбаева, әлеуметтік педагог:
- Біздің орталыққа Саиповтар 2015 жылдың 4 желтоқсанында келді. Бұл отбасының тұрмыстық жағдайына қарап әрі анасының жұмыссыз жүргенін ескеріп, балаларын бейімдеу орталығына білім басқармасышының шешімімен қабылдаған болатынбыз. Анасы жағдайым түзелгенде балаларын алып кетем деген. Бірақ, жаңа жылдан кейін мүлдем келмеді. Қазір балаларын тастап кеткен анаға іздеу жарияладық.
Кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығының қызметкерлері балаларды танып-білген азаматтарынан көмек сұрайды. Өйткені із-түссіз жоғалып кеткен ана туралы әзірге ешқандай ақпарат анықталмапты.