$ 498.34  519.72  4.85

Руслан Жанпейісов 1 жылға бас бостандығынан айырылды (ВИДЕО)

Билік өкілін балағаттап видеоны интернет желісіне жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Руслан Жанпейісов атымен танымал болған блогер сот үкімімен 1 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы kaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін, яғни​ 30 шілде күні Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының үкімі​ шықты.

Руслан Жанпейісов (құжаттағы аты-жөні Бейбарыс Райымбеков) Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-ші бөлігі мен 378-бабының 2-ші бөлігіне сәйкес, кінәлі деп танылды.

Танымал қоғам белсендісі Руслан Жанпейісов жәбірленуші азаматты орта дәрежеде жарақаттағы, билік өкілін балағаттап видеоны интернет желісіне жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сот қылмысы дәлелденген белгілі блогерді 1 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот отырысында сотталушы Бейбарыс Райымбеков (Руслан Жанпейісов) аэрозольді бұрышпен толтырылған тапанша түріндегі аэрозольді құрылғыны пайдалану арқылы жәбірленушінің көз аймағына атып, екі көзіне химиялық күйік шалғаны, салдарынан жәбірленушінің көру қабілетінің төмендегені анықталған.

Онымен қоймай, сотталушы қоғамдық орында полиция қызметкерін жұрттың көзінше балағаттап, бейнежазбаны интернетте жариялаған. Сот барысында Руслан Жанпейісов кісіге қасақана дене жарақатын салғанын мойындамаған.

"Жаза тағайындауда сот сотталушының бұрын да бірнеше рет заң алдында жауапкершілікке тартылғанын, бірақ одан нәтиже шығармағанын ескерді. Жәбірленушілердің де сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын беру туралы пікірі ескерусіз қалмаған. Бейбарыс Райымбековтың кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденді. Жоғарыда аталған барлық жағдайларды ескере отырып, сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау мүмкін деп санады", – деп мәлімдеді Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Әл-Фараби аудандық соты жәбірленушілердің талап арызын қанағаттандырып, Руслан Жанпейісовті жәбірленуші М.-ға 400 000 теңге, жәбірленуші К.-ға 150 000 теңге моральдық шығын төлеу үкімімен міндеттеді.

Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары