Оралда көпбалалы ана Гаухар Хайрашева қайтыс болды. Әйел небәрі 33 жаста еді. Оның артында күйеуі мен жеті баласы қалды, деп хабарлайды Мой город.
Әйел 1 тамыз күні кешке көз жұмды. Жерлеу рәсімі 3 тамызда болады. Ең кішкентай бала небәрі жеті айлық.
Гаухар Хайрашеваның өліміне қатерлі дерті себеп болды. Әйелге бірнеше ай бұрын қорқынышты ауру диагнозы қойылған. Сонымен қатар, қатерлі ісіктің соңғы деңгейі екені анықталды. Отбасында емделуге қаражат болған жоқ, өйткені жақында ғана отағасы әкімдік бөлген уақытша пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін несие алған.
Қаржылық жағдайдың қиын болуына байланысты Гаухардың күйеуі Ержігіт қазақстандықтардан ота үшін ақша жинауды өтінген еді. Отбасы екі миллион теңге жинай алды.
«Осы ақшамен мен әйелімді жерлеймін және несиені жабуға тырысамын», - деді ер адам.