Алтын Орда дәуірінің әдебиеті ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан XV ғасырдың соңына дейін қанатын кеңге жайды. Өйткені, Алтын Орда осы аралықта алып мемлекет болды. Бұл тұста ұлыстың мемлекеттік беделі көтеріліп, көрші елдермен қарым-қатынасы нығайды, шаруашылығы, мәдениеті өркен жайды. Алтын Орда халқының басым көпшілігі түркі текті ру-тайпалардан, соның ішіне қыпшақтар мен оғыздардан құралды. Ұлық Ұлыс жайлы құнды ақпараттар Алтын Орданың 750 жылдығына орай дайындалған бейнешолуда берілді. Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан» атты бейнешолу онлайн форматында әлеуметтік желі оқырмандары үшін жарияланған болатын.
«Мемлекеттің басты саяси мәдени тілі қыпшақ тілі болды. Алтын Орда әскерлері оң қол және сол қол деп екі қанатқа бөлінді. Мемлекет басында нояндар мен бектердің, басқақтар мен тамғашылардың қолында билік көбірек болды. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиеттерде «Қыпшақ ұлысы» деп аталады. Алтын Орда халқының қоғамдық және мәдени даму дәрежесі әркелкі еді. Алтын Орда тек қанаушылықпен, жаугершілікпен белгілі болған ел ретінде көрінеді. Бірақ, шын мәнінде сол кезеңде сәулет өнері мен ғылымға айтарлықтай көңіл бөлінген. Сол заманның әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің жоғары деңгейде болғанына зерттеулер, тарихи жазба деректер арқылы көз жеткізуге болады. Ол дәуірдегі көптеген ақын-жазушылардың әдеби шығармалары жоғалып кеткен. Дегенмен, Құтб, Рабғузи, Сайф Сараи, Әли сынды тұлғалардың туындылары күні бүгінге дейін жетті.
Алып мемлекеттің халқы көшпелі мал шаруашылығымен, отырықты егін шаруашылығымен айналысқан. Ұлық ұлысты мекендеген халықтың дені мұсылмандар болды. Көне ұйғыр жазуын қолданған Алтын Орда жұрты ислам діні енгеннен кейін араб жазбасын қолдана бастады. Бүгінде Қазақстан аумағында Алтын Орда кезеңіне жататын көптеген ескерткіштер бар. Жошы хан, Алаша хан, Болған ана, Жұбан ана, Талмас ата, Құтлық Темір кесенелері сол замандағы сәулет өнерінің көрінісі», - деп алып империя туралы мәліметтер ұсынылды.