Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр жұртшылығын Абай күнімен құттықтады. Облыс әкімі қолға алып жатқан кез-келген бастаманың дәйектемесін Абайдан табуға болатынын атап өтті. Аймақ басшысы бұл туралы өзінің facebook парақшасында жариялады.
«Қадірлі жерлестер!
Сіздерді ұлы ақын, ғұлама ойшыл, кемеңгер суреткер, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай елімізде тұңғыш рет атап өтілетін 10 тамыз – АБАЙ КҮНІ мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 25 жыл бұрын ақынның 150 жылдық мерейтойында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғұлама ойшылдың шығармашылығына үңіліп, жаңа заманмен тығыз сабақтастырып, дана Абайдың ойлары бүгінгі идеялармен астасып жатқанын ерекше атап көрсеткен еді: «Жалпы біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың. Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады», - деді Гүлшара Наушақызы.
Әкім ұлы Абайдың елді бірлікке шақырған сөздерін мысалға ала отырып, әрбір істің нәтижелі болуы үшін ауызбіршіліктің қажет екенін тілге тиек етті.
«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген данагөй ақынның бірлігі дәл қазір бізге де керек. Өйткені, тәуелсіз елімізді әрі қарай өркендету жолындағы жасампаз істерімізде ауызбіршілігіміз бір болса, ісіміз де берекелі, нәтижелі болмақ. Ал, бірлігі мықты елдің білімі де мықты болуы тиіс. ХХІ ғасырда түрлі ғылым саласын меңгеруді қажет ететін бүгінгі жаһандану заманында біздің алға қойған мақсатымыз – заманауи ілім-ғылымды игеріп, озық ойлы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Шындығында, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында, қос ғасырдың тоғысқан тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеген» ұлы Абай өркениет өріне алып шығар амалды ғылым мен білімнен тауып, халқын соған үндеді емес пе?!», - деп ғылым мен білімге ерекше ден қою керектігін жеткізді.
«Осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын Абай айтқан қоғам дамуының қозғаушы әлеуметтік-экономикалық күштері – еңбек, бірлік, кәсіп, сауда, өнер-білім туралы ой-тұжырымдары тәуелсіз Қазақстанның жаңғырып, жаңару жолындағы аса маңызды факторлар екені даусыз», - деп Гүлшара Әбдіқалықова жаңғыру мен жаңарудың Абай әлемімен тығыз байланысты екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Жаңғыру өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған», - деді өңір басшысы.
Абай шығармалары осы кезге дейін әлемнің 30 тіліне аударылса, биылғы мерейтой жылында кең тараған 10 тілге аударылуда. Сөз соңында жерлестерін Абай күнімен құттықтаған облыс әкімі хакім Абай туындыларының үшінші мыңжылдықтың жаңа ғасырында да мәні зор, мағынасы терең екенін жеткізді.