Сыртқы істер министрлігі Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға беру рәсімін қолдану қарастырылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Бұған дейін хабарланғандай, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу қаласының Халық сотында есірткі контрабандасы үшін айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасады. Алайда, қосымша тергеу нәтижелері бойынша сот бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, А.Тұрлыбай келесі айдың ішінде Гуандун провинциясы түрмелерінің біріне ауыстырылады.
«Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасы ратификациялаған және 2015 жылы күшіне енген сотталған адамдарды беру туралы шартқа сәйкес А.Тұрлыбайға қатысты үкімді орындау үшін ҚХР юрисдикциясынан ҚР-ға беруді қолдануға болады. Қазіргі уақытта қорғаушы тарап пен сотталған отандасымыздың отбасы біздің азаматшаны Қазақстанға беру рәсімін қолдануын қарастыруда. Сотталған азаматты беру бойынша келіссөздер ҚР Бас прокуратурасы мен ҚХР уәкілетті органы арасында жүргізіледі», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, А.Тұрлыбайдың ісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің тұрақты бақылауында. «Қорғаушы тарапқа А.Тұрлыбайды Қазақстанға берудің нақты мерзімі белгісіз, алайда біз оны тезірек қайтаруға мүдделіміз», делінген хабарламада.