Шығыс Қазақстан облысындағы Шар қаласының іргесінде осыдан 8 ай бұрын жоғалып кеткен Айым Ұлтомбаеваның мәйіті табылды деп хабарлайды Informburo.kz. Қаралы хабарды марқұмның туыстары 12 мамыр күні кешке естіген. 14 жастағы жеткіншек қыздың денесін қала тұрғындарының бірі тауып алыпты.
"Кеше бізге полициядан хабарласып, қала іргесінде белгісіз мәйіттің табылғанын айтып шақыртты. Оқиға орнына тергеушілер мен сарапшылар жіберілген. Біз соңғы сәтке дейін мәйіттің Айым емес екеніне үміттенгенбіз. Бірақ, кеше оның анасы Зимхан Ибраимова мәйіттің өз қызынікі екенін растады, ол менің 14 жастағы қарындасым. Бүгін біз денені алып кетуге барамыз, ертең жерлейміз. Біз есеңгіреп отырмыз, полиция болса әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ" дейді марқұмның немере ағасы Ринат Мадыбаев.
Тәртіп сақшылары болса сот-медициналық сараптама тағайындалғанын айтып отыр.
"Біз Айым Ұлтомбаеваның қашан және неден қайтыс болғанын анықтаймыз. Әзірге түрлі болжамдарды қарастырып жатырмыз" дейді ШҚО ІІД баспасөз хатшысы Бақытжан Торғаев.
Естеріңізге салайық, Айым Ұлтомбаева өткен жылдың 12 қыркүйегінде түнде өз үйінен жоғалған еді. Қыздың барлық киімдері мен ұялы телефоны бөлмеде қалған. Ол мұнан кейін не туыстарымен, не достарымен байланысқа шықпапты. Марқұмның ата-анасы қыздарын діни радикалдар ұрлап кетуі мүмкін деген болжамын да айтқан болатын.