Қазақстандықтар зейнетақы ақшасынан ішінара алынған сомаға жеке табыс салығын төлейді, - деп хабарлады Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
"Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, жеке табыс салығы салынатын табыстарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан салық төлеушілердің зейнетақы жинақтарынан төлейтін төлемдері де жатады (Салық кодексінің 326-бабы)", - делінген хабарламада.
Бұл ретте жеке тұлғалар 1 ең төменгі жалақы мөлшеріндегі салықтық шегерімді қолдану арқылы салық салынатын сомасын азайтуға құқылы.
"Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары (ҰОС-на қатысушыларға теңестірілгендер, барлық топтағы мүгедектер, мүгедектердің ата-аналары мен қамқоршылары, жетім балаларды асырауына алған ата-налары) қосымша 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде шегерім қолдануға құқылы, бұл 2,3 млн теңгені құрайды (Салық кодексінің 345, 346, 353-баптары). Тиісінше, көрсетілген шегерімдерді ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға, емделуге және басқа да рұқсат етілген мақсаттарға зейнетақы ақшасынан ішінара алынатын сомаларға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады", - деп көрсетілген арнайы хабарламада.