Америка Құрама Штаттары әлем елдерінің алдындағы қарызы туралы ақпаратты жария етті. Ақ үйге ең көп несие берген мемлекеттердің көшін Қытай бастап келеді. АҚШ-тың ҚХР алдындағы берешегі бүгінде 1,3 триллион долларға жеткен. Бұл туралы Bloomberg хабарлап отыр.
АҚШ-тың Қаржы министрлігі Сауд Арабиясы алдындағы қарызының көлемін соңғы 40 жылдан кейін енді ғана жария етті. Аталған құжаттарға сәйкес, Ақ үйдің Саудияға берешегі 116,8 миллиард доллады құраған. Бұл қаңтар айындағы көрсеткіштен 6 пайызға төмен дейді мамандар.
АҚШ-қа ең көп несие құйған он елдің көшін Қытай бастаса, екінші орында Жапония тұр. "Күншығыс елі" Америкаға 1,1 триллион доллар қарыз беріпті. Сауд Арабиясы осы он мемлекеттің қатарында.
Айта кетейік, былтыр Америка Құрама Штаттары 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған лаңкестікке байланысты Сауд Арабиясына ресми айып тақпақ болған еді. Мұны естіген Эр-Рияд АҚШ-тың қарыздарын өзге мемлекетке 750 млрд долларға сатып жібереміз деп қорқытты. Мұнан кейін америкалық тарап тынышталған болатын.