Оңтүстікқазақстандық полицейлер өзінің жоғалғандығын қолдан ұйымдастырып, әкесінен ірі көлемде қаражат талап еткен. Бұл туралы ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Биыл 10 мамыр күні Ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне 53 жастағы Шымкент тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, ұлын белгісіз біреулер ұрлап кетіпті. Сөзіне дәлел ретінде ер кісі ұялы телефондағы WhatsApp желісіне келген хабарламаны көрсеткен. Хабарламада қылмыскерлер баласының өмірі үшін 20 мың АҚШ доллар талап еткендігі жазылыпты.
Дереу қылмыстық іс қозғап, іздеу жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары жоғалған жігітті сол күні-ақ тапты. 28 жастағы азамат Шымкенттің жалдамалы пәтерлер берілетін 8-ші шағынауданындағы көпқабатты үйдің ауласында демалып отырған жерінен ұсталған. Оны тергеу барысында қылмысты өзі ұйымдастырып, әкесінен ақша бопсалағанын мойындады дейді полицейлер. Өзінің айтуынша, таныстарына ірі көлемде ақша қарыз болып, тығырықтан шығудың өзге жолын таппапты.
Естеріңізге салайық, мамыр айының 11-де Шымкентте 28 жастағы өзге азамат жоғалып кеткен болатын. Туыстары оның кеше табылғандығын хабарлады.