Таиландта мектеп жатақханасы өртеніп, салдарынан кемі 17 қыз қайтыс болды деп жазады BNO News. Тағы екі оқушы қыз жоғалып кеткендердің қатарында.
Оқиға солтүстіктегі Чианграй провинциясындағы Вианг Па Пао ауданында орын алған. Тілсіз жау 22 мамыр күні түнгі сағат 23:00-де (Астана уақытымен 22:00) қыздардың жататын жатақханасында лап берген.
Полицейлердің хабарлауынша, оқиға болған жерден 17 қыздың мәйіті табылыпты. Олар 5-12 жас аралығындағы оқушылар. Тағы бес қыз түрлі дене жарақаттарын алған. Ал, 14 оқушы қауіпсіз жерге шығарылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрт ошағы ғимараттың шатырында тұтанған. Әзірге ұшқынның неден шыққаны белгісіз, оны мамандар анықтап жатыр. Өрт бүгін таңертең өшірілді.
Channel News Asia ьілшілерінің хабарлауынша, мектепте кедей отбасылардың балалары тәрбиеленеді.