02.06.2016, 09:40

Талғат Ермегияев ЭКСПО ісіне қатысты жаңа деректермен бөлісуге уәде берді

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып жатқан компанияның бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев аталған іске қатысты жаңа деректермен бөлісетінін мәлімдеді. Елордада өтіп жатқан сот отырысында күдкті өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындаған жоқ.

"Құрметті сот, сізге тағы да қайталап айтқым келеді: мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ, ешкімнен пара алған жоқпын, өзіме тағылған айыптарды мойындамаймын. Мен өз қорғаушыларымның айтқандарымен келісемін. Өзімнің соңғы сөзімде бұрын айтылмай келген тың деректермен бөлісуге уәде беремін", - деді Ермегияев бүгінгі сот отырысы барысында.

Айта кетейік, осынау атышулы іс соңына таяп қалды. Бүгін судья қос тараптың да сөздерін тыңдап бітті. Енді үкім шығармастан бұрын күдіктілерге соңғы сөз айтуға мүмкіндік беріледі.

Талғат Ермегияевтің қорғаушылары оның кінәсіз екеніне сенімді. Олар тағылған айыптардың ешбірі дәлелденбегенін айтады. Ал, ұрланған миллиардтаған қаржы келісімге отырған күдікті қызметкерлердің қолында кеткен болуы мүмкін деп есептейді адвокаттар. Өздерін ақтап алу мақсатында олар жаланы басшыларына жапқан көрінеді.

Прокурорлар болса мемлекеттің қаражатын Ермегияев пен оның жақтастары талан-таражға салғанына сенімді. Айыптаушы тарап экс-төрағаны 14 жылға бас бостандығынан айыруды сұрауда.