Шымкентте облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне қатысты үкім шықты. Сот Әнуар Маймақовтың бюджет ақшасын мақсатсыз жұмсағанын анықтады. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Бұрынғы бас дәрігері Әнуарбек Маймақов 6 миллион теңгеге жуық қаржыны талан-таражға салғаны үшін оған 4 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Сондай-ақ сол мекеменің бұрынғы бас есепшісі де 7 жыл бойы емін-еркін жүріп тұру құқығынан айырылды.
2018 жылдың қаңтары мен 2019 жылдың қаңтары аралығында мекеме басшылығында болған екеу (бас дәрігер мен есепші) 25 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған екен. Яғни, медицина ғылымдарының докторы әрі бұрын бірнеше жыл Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасын басқарған Әнуарбек Маймақов аурухананың қажеттілігіне арналған 4 миллион 800 мың теңгеге шырша алып (туған күніне орай), туған ауылына отырғызса, миллион теңгеден астам қаржыны ұлының жол талғамайтын көлігін жөндеуге жұмсаған.
Ал, бас есепші 19 миллион теңгені туған қызы мен сіңлісінің фирмаларына аударып отырған. Бюджеттің миллиондарын жымқырғаны үшін айыпталған бұрынғы бас дәрігер сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.
«Екі сотталушы да өздерімен келтірілген материалдық шығынды толық көлемде төлеп, Нарбаева өзінің 19 миллионын толық төледі. Сотталған Маймақов 5 миллион 910 мың теңгені төлеп, мемлекеттке келтірген шығынды толық қалпына келтірді», - Қаратау аудандық сотының судьясы Момбек Әмірбеков.