Елордада дәмханадағы газ баллоны жарылысынан зардап шеккен 23 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Зардап шеккендердің бәрі бірден қалалық стационарларға жеткізілді. Дәрігерлер қарап шыққаннан кейін 23 адам ауруханаға жатқызылды, жеңіл-желпі жарақат алған 11 адам амбулаторлық емге жіберілді", - делінген қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Түрлі дәрежеде термиялық күйік алған, иіс тиіп уланған науқастардың бір бөлігі №1 және №2 көпбейінді қалалық ауруханаларға жатқызылды.
"Миы шайқалып, көп жарақат алған қалған пациенттер ауруханалардың бейінді бөлімшелерінде жатыр", - деп толықтырды басқармадан.
Дәмханадағы жарылыс
21 қарашада елорданың сол жағалауындағы дәмханада газ баллоны жарылды. Төтенше жағдай туралы ақпар "103" пультіне сағат 12:24-те түсті. Оқиға орнында жедел жәрдемнің 24 бригадасы, шұғыл қызмет қызметкерлері жұмыс істеді.
Апат орнына келген өрт сөндірушілер дәмхана ішінде бір адам және 15 газ баллоны барын анықтаған. Жарылыс салдарынан ас үйдің шатыры құлады.
Өрттен бір адам көз жұмды, отыздан астамы зардап шекті.
20 шаршы метр аумақты шарпыған тілсіз жау 12:58-де сөндірілді.