30.11.2020, 12:40

Нұр-Сұлтанда жалға берілетін баспанаға құжат қабылдау басталды

Фото: ашық дереккөз
Барлығы 309 пәтер бөлінді.

Нұр-Сұлтанның Тұрғын үй орталығы 2-9 желтоқсан аралығында "халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары" үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға құжат қабылдау басталатынын жариялады.

Барлығы 309 пәтер бөлінді, оның ішінде:

165 бір бөлмелі пәтер (34-36 шаршы метр); 141 екі бөлмелі пәтер (48-51 шаршы метр); 3 үш бөлмелі пәтер (68 шаршы метр).

Орналасқан жері: Тілендиев даңғылының оңтүстігіне қарай, Сарыбұлақ өзенінің бойындағы тұрғын үй кешені – Лот Б-7.

Әлеуметтік әлжуаз топтарға кімдер жатады: жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер; бірінші және екінші топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар; кейбір созылмалы аурулардың ауыр түріне шалдыққан азаматтар; жасы бойынша зейнетке шыққандар; жетім балалар; қандас; экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылғандар; қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары; толық емес отбасылар.

Айта кетсек, 309 пәтердің 93-і жетім балаларға қарастырылып отыр.

Құжат тапсыру шарттары

Өтініш 2-9 желтоқсан аралығында қабылданады.

Құжат қабылдау zhilfond.kz сайты арқылы ("Онлайн қызметтер" бөлімі - "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға өтініш беру") тек электронды түрде жүргізіледі.

Пәтер "Халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы" санаты бойынша елордада баспана кезегінде тұрғандарға ғана беріледі.

Ай сайынғы жалға алу құны – 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта.

Қалай тапсыруға болады ЭЦҚ кілті; балалардың туу туралы куәлігі/отбасы мүшелерінің жеке куәлігінің сканерленген нұсқасы; өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің мүгедектігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болған жағдайда).

Өтініштерді қарау нәтижесі zhilfond.kz сайты мен Тұрғын үй орталығының әлеуметтік желілерінде жарияланады.