Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД қарасты ГМ-172/6 түзеу мекемесінде аяқ киім тігетін цех ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда цехтің өндірістік қуаттылығы айына 40 жұп аяқ киім шығаруға мүмкіндік береді.
"Еңбек-Батыс" РМК аяқ киім цехында тек үш сотталған азамат жұмыспен қамтылған, кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндірісті кеңейту туралы мәселені қарастыруда. Цех басшысының айтуынша, олар жаңа өндірісті енді ғана игере бастаған. Барлық өнімдер таза былғарыдан және қолмен жасалады. Бір жұп қысқы аяқ киімнің бағасы қазіргі уақытта шамамен 10 600 теңгені құрайды.
"Сотталғандар мұнда жұмыс істегенді ұнатады, өйткені бұл жаңа өндіріс, бұрын бұл мекемеде аяқ киім тігілмеген. Олар қазір әрбір аяқ киімді тігу барысында модельдерді жақсарту туралы өз идеяларын ұсынады, кейде тіпті тәжірибе жасайды. Дамудың алғашқы кезеңдерінде біз аяқ киіммен Маңғыстау облысының қылмыстық-атқару жүйесін барынша қамтамасыз ету міндетін қойдық. Жақын арада біз өндіріс қарқынын арттыруды және еркін нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз", – деді өндіріс басшысы Ғани Юсупов.