$ 448.15  483.46  4.86

Әскери борышын өтеп жүрген тағы бір сарбаз «дедовщина» құрбаны болды

Алматы облысы Сарыөзек ауылындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген маңғыстаулық Даниэль Сайфуллинді қаруластары ұрып өлтірген деп жазады tumba.kz. Қазіргі таңда аталған іс бойынша екі күдікті қамауға алыныпты.

Даниэльдің анасы Инга Сайфуллинаның айтуынша, ұлы әскерге баруды жастайынан армандаған. Биыл сәуір айының соңында туған күнін атап өткен ол, мамырда отан алдындағы борышын өтеу үшін Алматы облысына аттаныпты.

«Ант беру рәсімі 25 маусымда өтті, бәрі жақсы тұғын. Мен бара алмадым, жиен-әпкем барды. Қайтыс боларынан бір күн бұрын демалыста хабарласып, "Мама, менде бәрі жақсы, біз жаңа келгендер бәріміз бір казармада тұрып жатырмыз, өзге сарбаздарға қатысымыз жоқ" деген болатын. Ал, 7 шілдеде кешке әскери бөлімнен адамдар келіп, ұлымның қайтыс болғанын естіртті», - дейді Инга Сайфуллина.

Қаралы хабарды естірткендер, Даниэльдің басынан ауыр соққы алғанын айтқан. Ал, ұлынан айрылған ана болса қылмысты жасы үлкен өзге сарбаздардың істегеніне сенімді.

«Диагнозы: жабық бас-сүйек жарақаты, басындағы тамыры жарылып кеткен, ешқандай көмек бере алмапты. Тәртібі қатаң бөлім, ешқандай "дедовщина" жоқ деген еді. Енді ұлымды табытпен әкеліп тұр. Бейбіт заманда себепсізден себепсіз өлтірген. Балаларды әскерге қалай жіберуге болады енді?», - дейді И.Сайфуллина.

Маңғыстау облысы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Сетек Шаншырақовтың айтуынша, аталға іс бойынша әскери тергеу комитеті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кісі өлтірді деген күдікпен екі сарбаз қамауға алынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары