07.01.2021, 22:48

152 отбасы үшін тұрғын үй салынады

Үгіт тобы басқосуда «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырып, ардагерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдады.

«Nur Otan» партиясының бастамасымен алдағы бес жылда Жаңақорған ауданынының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 20 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында қуаттылығы 20 мың тонна  әк, керамзит, құрылыс материалдарын кірпіш және темір-бетонды құбыр бұйымдарын  шығаратын зауыт бар. Сонымен қатар, «Шалхия» кен орнында кен байыту комбинатын салу, қуаты 4 млн. тонна кенді қайта өңдеу жұмыстары жоспарланып отыр. Осылайша,  6,2 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейін 5,1 %-дан 4,7 %-ға төмендетуге қол жеткізіледі.

Бұл туралы бүгін облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Жанкелді Ысқақ, Нұриддин Амитов, Мұхаметжан Рүстемов, Нұрхан Айдаров, Наурызбай Орынбасаров, Мәжит Балқожаев, Нұрлат Байкенже, Бақытжан Төлегенов, Жанабек Тұрлыбеков және Мақсат Жұмаділов Келінтөбе ауылының ардагерлерімен кездесу барысында мәлім етті. 

Үгіт тобы басқосуда «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырып, ардагерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, үгіт парақтары таратылды.

Ардагерлер тарапынан көтерілген мәселелер қатарында аз қамтылған отбасы мүшелерін баспанамен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, елді мекендерді газдандыру жайы болды. Үміткерлер партияның ардагерлерге, зейнеткерлерге қамқорлық жасау негізгі міндеттерінің бірі екенін айтып, көтерілген мәселелер партия назарында болатынын жеткізді.

Келелі кездесу барысында үміткерлер бес жылдықта Жаңақорған ауданында атқарылатын игі бастамалар туралы айтты. Мәселен, алдағы уақытта газбен қамтамасыз етілген елді мекендер үлесін арттыру мақсатында «Nur Otan» партиясының бастамасымен Шалқия кенті, Бірлік және Жайылма елді мекендерін көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр. Әрі Сунақата, Еңбек, Екпінді, Сүттіқұдық, Төменарық, Қожамберді, Жайылма елді мекендерінде су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар,    партия «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үй пәтерлер санын 241-ге жеткізіп, кентте 152 отбасы үшін тұрғын үй салу мәселесін шешуге ниетті. Сондай-ақ, жыл сайын 1 қабатты 2 пәтерлік 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салуға ықпал етіп, 136 отбасын тұрғын үймен қамтуды межелеуде. 

Кездесуде ардагерлер үміткерлерге алғысын білдіріп, партияның алдағы уақыт еншісіндегі бастамаларын қолдайтындарын жеткізді.

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысы сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.