Парақорлықта делдал болған азаматтарға да жаза күшейтілді. Бұдан былай олар да мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыға алмайды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары мәлімдеді.
Бас бостандығынан айыру мерзімінің ұлғаюынан бөлек, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін еселік айыппұл сомасы да артты.
«Пара берушілер үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері екі есеге артты. Мәселен, егер пара беруші тұлға 100 мың теңге үшін сотталған болса, онда сот тағайындайтын айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 млн теңгені құрауы мүмкін. Бұған дейін ең төменгі айыппұл мөлшері 1 млн теңге болған. Сонымен қатар, делдалдарға тағайындалатын еселік айыппұлдың шегі де екі есеге өсті», - деді Олжас Бектенов.
Президент жолдауында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік салаға заңсыз араласуын қылмыс ретінде қабылдау керектігін айтты. Осы орайда агенттік бірнеше құзырлы органдармен бірлесіп, бизнесті қорғау мақсатында арнайы жобаларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
«Инвестициялық құны 16,2 трлн теңгені құрайтын 613 бизнес жоба агенттіктің бақылауына алынған. Бұдан былай бизнеске заңсыз араласқаны үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары және судьялар осындай әрекеттерді жасаса, олар 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін», - деді Олжас Бектенов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы екі жылдың ішінде 480 пара беру фактісін анықтады. Сонымен қатар пара берудегі 37 делдалдық жағдайы тіркелген. Бизнестің жұмысына заңсыз араласу бойынша 713 қылмыстың беті ашылды. Пара беруші мен делдалдар 2 жылдың ішінде бюджетке 600 млн еселік айыппұл төлеуге міндеттелді.