$ 510.08  539.61  5.15

Қызылорда облысында полиция жүкті келіншекті қамап тастаған, ол түсік тастады

Ол аздай, сот 3 баланың анасына ірі көлемде айыппұл салды.
Фото: ашық дерек көзі
Фото: ашық дерек көзі

Қызылорда облысында судья үш баланың анасына 350 мың теңге айыппұл салған. 37 жастағы әйелдің әкімшілік жазаға тартылуына аудандық полиция бөлімі бастығының арызы себеп болған. Лауазымды шенеунік Ардақ Қазақбайқызы есімді әйелдің үстінен сотқа шағымданған. Әлеуметтік желіде өзі туралы жазба қалдырған әйелді жазалауды жөн көрген лауазымды шенеуніктің өтініші бірден қаралып, судья үш баланың анасына 180 АЕК көлеміндегі айыппұлды арқалата салған. Ал полицияның «қысымына шыдамадым» деген келіншек түсік тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шиелі ауданында сот төрағасы мен полиция бастығынан қудалау көрдік деген аналар саны азаяр емес. Ауданда әлеуметтік әлсіз топқа жататын екі жүзден астам әйел бар. Ауыл тұрғындарының сөзінше, әлеуметтік тұрмысы онсыз да нашар аналардың шағымын тыңдаудың орнына, қолында билігі бар басшылар керісінше оларды жазалап әлек. Құқық қорғау орнандары тарапынан жауапқа тартылған адамның бірі – Ардақ Сыздықова.

«ПОЛИЦИЯ ЗАҢСЫЗ ҚАМАДЫ, КҮЙЗЕЛІСТЕН ТҮСІК ТАСТАДЫМ»

«25 қыркүйекте аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев мені «митингіге шықпасын» деп 8 сағат заңсыз қамады. Аяғым ауыр еді, оған да қармады. Митинг қайда, мен қайда? Сол қамаудан кейін мен ауырдым, емделуге де жағдайым боған жоқ. Ақыры күйзесіл салдарынан қараша айында түсік тастадым, балам ішімде өліп қалыпты. Мен ашуланып, полиция бастығына барып айқайладым да, көрген қорлығымды әлеуметтік желіге шығардым. Беркімбаев: «Керек десең арызыңды БҰҰ-ға жаз, басымды кесіп аласың ба?» деп маған ауыр сөздерін айтып, жағамнан алды. Оны мен кейін өзімнің әлеуметтік парақшама тағы да жарияладым. Сол кезде полицияның бастығы «ол тергеуге өзі келген» деген бір жапырақ анықтама қағазбен ұялмай құтылды. Ал қызылордалық тұрғындар желідегі жазбаның астына мыдаған жағымсыз пікір қалдырды», - деді Ардақ Сыздықова.

Желідегі осы жазбадан кейін ауданның бас полициясы Д.Беркімбаев сотқа шағымданып, Сыздықованың үстінен «беделіме нұсқан келді» деп арызданған. Шиелі аудандық соты жұмыссыз ананың үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігімен іс қозғап жібрген. Соттың іс қағаздарында қомақты айыппұл арқалаған әйелдің Facebook-қа қандай жазба қалдырғаны да көрсетілген.

«Арызданушы Д.С.Беркимбаевтың Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы ретінде оның абыройына, арнамысына қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін тұжырымдар жасап, оның іскерлік беделін түсіретін жоғарыда көрсетілген көрінеу жалған мәліметтерді таратқан (соттың стилистік жазбалары өзргеріссіз берілді – ред.)», - деп жазылған судья Ж.Сарбасова төрағалық еткен істе.

«МҰНЫҢ АРТЫНДА АУДАНДЫҚ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ ТҰР»

Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев пен судья Гүлнұр Құрманбайдың арасындағы дау туралы бұған дейін жазғанбыз. Судья өз басшысын «жиі қырындайды» деп айыптаған болатын. Кейін Құрманбайдың хатшысы да төрағадан қысым көрдім деп шағымданған. Кейін ауыл тұрғындары Марат Күздеубаевтың карантин талаптарын бұзып, той тойлап жүрген видеосын таратты. Олар сот төрағасының жауапқа тартылмайтынына наразы екенін де айтқан.

Ал, Ардақ Сыздықованың ірі көлемде айыппұл арқалауына да осы сот төрағасы Марат Күздеубаевтың қатысы болуы мүмкін дейді Шиелідегі аналар қауымы. Өйткені, оның тойда жүрген видеосын әлеуметтік желіге Ардақ Сыздықова жариялаған көрінеді. Видеоны барлық жерден өшірткен төраға Сыздықованың парақшасынан алдырта алмапты.

«Сот төрағасы қаншама адамға зиянын тигізіп келеді. Сонда оған карантин кезінде тойға баруға болады да, ал бізге айыппұл салына береді екен. «Менің тойға барған видеомды сыртқа тараттыңдар, әлеуметтік желіге тараттыңдар, бәріңнен кек алам» деп айтқан болатын. Соттың төрағасы мен полицияның бастығы бірге, олардың бұйрығын қол астындағылар бұлжытпай орындайды. Төраға өзінің құда-жекжатына дейін оң шешім шығартып береді. Одан жапа шеккен адамдар саны өте көп. Ашуланып тұрмын, бұларға тоқтау бола ма өзі? Біздің айтқанымызды жойып, өздері сүттен ақ, судан таза болып отыр. Олар бұлай маска киіп отыра беретін болса ондай соттың, полицияның, прокуратураның халыққа керегі не? Анау сот, мынау полиция, прокурор екен деп, солардың өтірігін жасырып отыра беруіміз керек пе? Неге біздің жағдайымызға бір мегзіл ешкім ойламайды?», - дейді ашулы ана.

«АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙТІН АҚШАМ ЖОҚ, ОДАНША ҚАМАСЫН...»

Шиелі аудандық сотының судьясы Ж.Т.Сарбасова төрағалық еткен сот отырысында жауапкер Сыздықова кәнісін мойындамаған, ал «ар-намысы тапталған» бас полиция оған кешірім бермеген. Күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ, өзі үш баламен үйде отырған Ардақ Қазақбайқызы айыппұлды төлемек түгілі отбасына тамақ тауып берудің қиын екенін айтады. Ашынған ана сот барысында судьядан тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан, өзіне айыппұл төлетпей, бірден қамауға жіберу арқылы «жазасын» өтетуді сұраған.

«Оның жеке басын, жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, А.Сыздыковаға ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясында көзделген 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу түріндегі жазаны қолдану дұрыс деп тапты. ӘҚБтК-нің 829-14-бабын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ: Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігімен Ардак Казахбаевна Сыздыкова кінәлі деп танылсын, оған 350 028 (үш жүз елу мың жиырма сегіз) теңге айыппұл салынсын. А.Сыздыкова қаулы заңды күшіне енгеннен кейін салынған айыппұлды 30 күннен кешіктірмей төлеу тиіс», - делінген судья Ж.Т.Сарбасованың шығарған сот үкімінде.

Өзіне берілген бір ай уақыттың жартысын өткізген жас ана жазадан тек қамау түрінде ғана құтылмаса, басқа дүниесі де, ақшасы да жоқ екенін жеткізді. Төртінші баласына түсік тастаған ананың үйінде 8, 5 және 4 жастағы балалары ашқұрсақ отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары