$ 444.22  476.38  4.82

«Адам құқығын қорғау бойынша жұмыстар жалғаса береді» - Мәулен Әшімбав

Құжатты ратификациялағаннан кейін Қазақстан ЮНЕСКО-ның халықаралық диалог саласы бойынша саясатын әзірлеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік алады.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда сенатортар жол маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттердің маңызына ерекше назар аударды.

«Адам құқығын қорғау, әлеуметтік саясат, ұлттық экономика, өңірлерді дамыту, саяси жаңғыру, азаматтық институттардың белсенділігін арттыру салалары бойынша қолға алынған жұмыстар жалғаса береді. Президентіміз атап өткендей, осы бағыттағы реформаларды іске асыруда Парламент үлкен рөл атқарады. Барлық міндеттерді табысты орындау үшін Сенат Мәжіліспен бірге тиісті сапалы заңдар қабылдауы қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бюро отырысында сенаторлар депутаттардың өңірлерге сапары жөнінде комитет төрағаларының ақпараттарын тыңдады және Палатаның 2021 жылғы 21 қаңтарда өтетін отырысының күн тәртібін талқылады.

Алдағы отырыста сенаторлар Парламент депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Заңға енгізілетін жаңа нормалар көлік жүргізген кезде жүргізуші куәлігін, автомобильдің техникалық паспортын және басқа да бірқатар құжаттарды өзіңмен бірге алып жүру міндетін алып тастауды көздейді.

Сонымен қатар депутаттар Палата отырысының қарауына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заң жобасын шығарды. Құжатты ратификациялағаннан кейін Қазақстан ЮНЕСКО-ның халықаралық диалог саласы бойынша саясатын әзірлеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, еліміз осы саладағы ғылыми зерттеулер үшін өңірлік хабқа айналады.

Одан бөлек, сенаторлар алдағы бейсенбіде «2007 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары