$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда бүлдіршінге қол жұмсаған тәрбиешінің ісі тергеліп жатыр

Алматы балабақшаларының бірінде тәрбиеші бүлдіршінді ұрып-соққан. Ата-аналардың айтуынша, мұндай оғаш қылықты олар күні кеше біліпті, деп хабарлайды 31 телеарна.

Мемлекет меншігіндегі мекеме қызметкерінің өрескел әрекеті туралы балалардың бірі анасына айтқан. Мәселені жан-жақты тексеру үшін іске құқық қорғаушылар араласқан.

Бүлдіршіндердің айтуынша, жазалағыш тәрбиеші - балабақшаның әдістеме бөлімінің меңгерушісі. Алайда ол ешкімге қол көтермедім деп азар да безер. Ал тәрбиеленуші балалар болған жайды боямасыз баяндап берді. Олардың сөзіне сенсек, Қымбат есімді тәрбиеші айтқанына көнбеген балаларды аздап жазалап алады екен.

Балаларын кешкі мезгілде ғана көретін ата-аналар балабақша жайында тәптіштеп сұрамайтындарын айтады. Тек соңғы кезде баласының мінезі күрт өзгергеніне алаңдап жүргенін жеткізді.

― Түнде шошып оянатын болды. Үйдің ішінде емін-еркін ойнап жүруші еді, келесі бөлмеге баруға қорқатынды шығарды. Ызақор, ешкімді тыңдамайтын болып кетті. Сұрасам, ештеңе айтпайды, ― дейді ата-ананың бірі.

«Әпкесі мен інісі бұған дейін екі топта болған. Жаздың басында тәрбиешілер демалысқа кеткендіктен, бір үйдің екі баласы бір топқа түседі. Әпкесі інісін жазалаған тәрбиеші жайында анасына жеткізген. Ал мекеме басшылығы тәрбиешілер ондай әрекетке бармайды деп сендіруде. Керісінше, баланың сөзіне сеніп, түймедейді түйедей қылды деп ата-аналарды айыптайды» делінген телеарна сюжетінде.

Ата-аналардың шағымы бойынша құқық қорғаушылар тиісті тергеу амалдарына кірісіп кетті. Егер жас тәрбиешінің бүлдіршіндерге қол көтергені анықталса, оны қылмыстық жаза күтіп тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары