Көктемде 276 елдімекенді су басу қаупі сақталып отыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«276 елдімекенді су басу қаупі сақталып отыр. Осыған орай, өткен жылдың соңында Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2023 жылға дейінгі жол картасы әзірленді», - деді Ибрагим Күлшімбаев.
Оның айтуынша, министрлік елдегі өткен жылдар ішіндегі тәжірибені ескере отырып, көктемде су астында қалуы мүмкін 900-ден астам елдімекенді айқындады. Оның атап өтуінше, 2017 жылы әзірленген Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасы 315 елдімекенді қорғауға, 314 ауыл мен елдімекенге төнетін тәуекелді төмендетуге мүмкіндік берді. 4 жылдың ішінде 400-ден астам инженерлік-қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылды.