Жеті жасар Виктория Ганяның өліміне қатысы бар деп сезіктелген адам тергеу барысында кінәсын мойындады, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Бұл туралы Қостанай облысы прокурорының бірінші орынбасары Болат Челикенов мәлімдеді.
Бұрын хабарланғандай, Рудный қалалық сотының санкциясымен тұрғылықты мекенжайы жоқ, тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығында тіршілік кешіп келген 19 жастағы азамат қамауға алынған.
Б.Челикеновтің сөзіне қарағанда, полицейлер бейімдеу орталығына келгенде, бұл бозбаланың қашуға әрекеттенгені күдік тудырған. Тәртіп сақшыларымен сөйлесуден бас тартқан ол психологқа жасаған қылмысы туралы айтып берген.
― Психиатриялық диагноз болғандықтан, оған қатысты тергеудің барлығы психологтың қатысуымен өтеді, ―деді Б. Челикенов.
Қыз жоғалған күні оның кіммен кеткендігін көрген екі куәгер күдіктіні таныды.
Еске сала кетсек, 22 мамырда Виктория Ганяның мәйіті табылған болатын. Қыз баланың бас-ми жарақатынан қайтыс болғаны анықталды. Мәйітті тапқан ерікті Владимир Радченко әуеліде полицейлердің қолында болған бейнебақылау жазбаларын пайдаланғанын айтты. Волонтер жедел іздестірушілердің қыздың денесін қалайша ұзақ уақыт бойы таба алмағанына таңғалады. Викторияның өлімі бойынша тергеуді дұрыс жүргізбегені үшін облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасарлары жазаланды.