$ 448.15  483.46  4.86

Сенаторлар дипломатиялық қызмет туралы заңды Мәжіліске қайтарды

Нұртөре Жүсіп балалар кардиохирургиясы саласында ерекше назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды.

Бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Заңда қазақстандық дипломаттарға қызметке кіру кезінде қойылатын талаптар күшейтілетін болды. Құжатта оларға мемлекеттік тілмен қатар шет тілдерін білуі қажеттігі көзделіп отыр. Құқық бұзушылық жасағаны үшін дипломатия саласы қызметкерлерінің дипломатиялық дәрежесі төмендетіледі немесе одан айыру да қаралады.

Мәулен Әшімбаев аталған заң жобасының ерекше маңызын атап өтті. Халықаралық аренада Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуде отандық дипломатиялық қызметтің ерекше рөл атқаратыны ескерілді.

«Құжат еліміздің дипломатиялық қызметінің құқықтық базасын жетілдіреді және реттейді. Жоба сондай-ақ дипломатиялық сала ардагерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған нормаларды да қамтиды. Қабылданған Заң еліміздің дипломатиялық қызметінің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп үміттенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Депутаттар заң жобасын қарау барысында оған бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды. Сенаторлар, атап айтқанда, «дипломатиялық қызмет ардагері» ұғымын түзетуді және осы санатқа жататын адамдар тобын қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ дипломатиялық поштаны елшіліктер қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техниканы жіберуге пайдалану құқығын алып тастауды сұрады. Заң жобасы Сенаттың осы және басқа да түзетулерімен Мәжіліске қайтарылды.

Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

Құжат атом энергетикасы саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен міндеттерінің аражігін нақты ажыратады. Бұл қазақстандықтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруда, сондай-ақ өкілеттіктердің қайталануын болдырмауда маңызды болып отыр. Құжат отандық заңнаманың кейбір ережелерін МАГАТЭ-нің қауіпсіздік жөніндегі халықаралық талаптарына сәйкес келтіреді. Заң қабылданғаннан кейін Мемлекет басшысына қол қоюға жіберу туралы шешім қабылданды.

«Қабылданған заң атом энергетикасы саласындағы қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі және осы саладағы заңнаманы жетілдіруі тиіс. Құжат сондай-ақ радиациялық қауіпсіздікті күшейту мәселелерін де қамтиды. Заң қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлар отырыста депутаттық сауалдарды да жария етті. Ақмарал Әлназарова санитарлық авиацияны дамыту мәселесін көтерді. Нариман Төреғалиевтің сауалында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемалары және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы айтылды. Нұртөре Жүсіп балалар кардиохирургиясы саласында ерекше назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды, ал Сұлтан Дүйсембинов жұмыртқа мен құс етінің қымбаттауына байланысты проблемаларды шешу жолдарын ұсынды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары