Қарағандыда көшеге ат беру және атауларын ауыстыруға қатысты қаланың коммунистері дау тудырып жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қалада осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар басталған еді. Онда шаһар іргесінде орналасқан жаңа ықшамаудандағы 12 көшеге ат беру туралы ұсыныс жасалған. Алайда, осы қоғамдық тыңдауға келгендер арасында жанжал шықты. Ұйымдастырушылар тіпті қала көшелерінің ескі атауларын өзгертуге аттандап қарсы шыққан коммунистерді сабасына түсіру үшін полиция да шақырған. Ал енді біреулері шеткі көшелерді місе тұтпай отыр.
Қарағандыда көше аттары өзгереді деген әңгіме шыққалы бері өздерін коммунистпіз деп жүргендерден ұйқы қашқан. Ленин көшесіне хан мен бидің немесе көсем мен шешеннің аты беріліп кете ме деп. Бірақ бұл жолы жаңа бой көтерген «Күнгей» ықшамауданындағы атауы жоқ көшелерге қатысты мәселе қаралған еді. Келмеске кеткен Кеңес заманын аңсап жүргендер «буржуаздық антисоветтіктер аузыма қақпақ болды, сөйлеткізбеді» деп жаңа ауданға да жаңа есімдер беруге үзілді-кесілді қарсы шықты.
«Күнгейдегі» 12 көшеге жұрттан түскен арыздар бойынша елдің елеулі деген азаматтарының аттарын беру туралы ұсыныс дауысқа салынды. Нәтижесінде 10 көшеге ұсынылған есімдер бірауыздан мақұлданды. Ішінде Қарағанды өңірінде туып өсіп, Шешенстан президенті болған Ахмат Қадыровтың есімі бар. Ал Шортанбай жырауға көше сұрағандар жаңа ықшамауданды місе тұтпады.
Кәміл Жүнісов, жазушы:
― Шортанбай жырау Жамбылда емес, Қарағанды облысы Шет ауданы Жалпақсаз деген жерде туған. Шортанбай жыраудың жәй адам емес, ол өткен ғасырдың өзінде үлкен зерттеулерде болған адам. Біз Шортанбай жыраудың архивтен бүкіл отбасымен түскен фотосуретін таптық. 19-шы ғасырда кез келген адамды фотосуретке түсірмеген.
Орталықтан алыс орналасқан көшеден соғыс ардагері Мұташ Сүлейменовтың туысқандары да бас тартты.
― Мартбек Мамыраев сияқты батырлардың есімін қаланың жетім бұрышындағы қалтарыстарда қалдырады да Шәкіров сияқты партократтар қаланың қақ ортасынан орын алады екен. Бұл не деген әділетсіздік?! Сондықтан мен әкемнің атына басқа жерден көше беруін талап етемін, ― дейді М.Сүлейменовтың қызы Жұбан Сүлейменова.
Атауларды өзгертуге жарияланған мораторий мерзімі аяқтала сала, қала көшелеріне белгілі бір тұлғаның есімін сұраған өтініштер қарша бораған. Қалалық комиссия қазір 72 өтінішті қарап жатыр. Қоғамдық тыңдаулар атсыз көшелерді атаудан басталғанымен, ескі көшелердің атын өзгерту сияқты даулы мәселе де алдан шығары анық. Өйткені ескіні аңсаушылар бекер өңеш жыртқан жоқ. Сондықтан даулы мәселеге қатысты оң шешім қабылдау үшін комиссиядағылардың әлі де талай кеңесетін түрі бар.