$ 494.87  520.65  4.91

«Бұдан басқа жол жоқ»: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жолдады

Сингапурды жетістікке жеткізген үлгіні алуға болады. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі алға қойған мақсатқа жету жолындағы батылдыққа байланысты

Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Жиынды ашқан Қазақстан Президенті ел тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі табыстары Алматы қаласымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

— Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі  айрықша. Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге мұнда бизнес саласы жақсы дамыған, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту баршаға ортақ негізгі міндет саналатынын және азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басты назарда болуы қажет екенін еске салды.

Президент қаланың ұзақ мерзімге арналған даму стратегиясына сәйкес, Алматы өмір сүруге қолайлы және жалпыға бірдей тең мүмкіндік беретін қалаға айналуға тиіс екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы осы мақсатқа жету үшін бірқатар міндет жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші міндет ретінде экономикалық даму мәселесін атады.

Президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. Осы орайда ол ахуалдың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты.

Мемлекет басшысы бизнеспен «кері байланыс» орнатудың нақты әрі тиімді тетігін жолға қою қажеттігін жеткізді. Бұл ретте Президент қала әкімінің жанындағы Іскерлік кеңестің конструктивті жұмысын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту үшін өсімнің жаңа бастаулары қажет деп санайды. Мұндай бағыттардың бірі жаңаша түрленген экономика.

— Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар.  Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке аталған бағыт бойынша толыққанды әрі заманауи нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеу механизмін әзірлеуді тапсырды.

Президент бизнесті заңсыз араласудан қорғау мәселесін келесі маңызды міндет деп санайды. Бұл жерде бақылау-қадағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік және бопсалау деректері жайында сөз болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша мұндай теріс іс-әрекеттерге қарсы күреске бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталады.

— Түпкі мақсат – заңдылық тұрғысынан бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қатынастар моделінің мінсіз болуы. Сингапурды  жетістікке жеткізген үлгіні алуға болады. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі алға қойған мақсатқа жету жолындағы батылдыққа байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инвесторлардың еліміздегі бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді.

— Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматының аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық технологиялар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астана мен оның төңірегін дамытудың тағы бір маңызды бағыты ретінде туризм саласын атады. Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есеге артқан, ал, 2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жеткен. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер бар. Сондай-ақ ол Алматы Mercer компаниясы өткізетін беделді рейтингке қосылған бірден-бір қала екенін атап өтті. 

Мемлекет басшысы аталған бағыттағы бірқатар проблеманы, оның ішінде, қызмет көрсету саласындағы олқылықтар жайында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне агломерация аясында туризмді дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Президент халықты жұмыспен қамтуды маңызды мәселелердің бірі ретінде айтты. Пандемия кезінде бұл мәселенің өзектілігі арта түскен.

— Қазіргі күрделі кезеңдегі біздің басты міндетіміз – жұмыссыздықтың күрт көбеюіне, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеу. Сонымен бірге іскерлік белсенділікті сақтау үшін бизнесті ынталандыру өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Президент ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдаудың және оларға барынша қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттің әлеуметтік саладағы басты міндеттерінің бірі деп атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл бағытта қала әкімдігі мен жауапты құрылымдар өз жұмысын тиімді атқармай отырғанын тілге тиек етті. Осыған орай қала әкімдігіне мұқтаж жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да нысандарды тиісті стандартқа сәйкестендіруді тапсырды.

Президент әкімдікке мектептегі, балабақшадағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен азайтудың жоспарын жасау туралы тапсырма берді. Бұл жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды.

Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың денсаулық сақтау саласындағы күрделі ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саладағы көптеген көкейтесті мәселелер коронавируспен күрестің көлеңкесінде қалып қойып жатыр.

— Жалпы азаматтардың медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтынын айтуымыз керек. Медицина кадрларының жетіспеушілігі де көптің көкейіндегі күрмеулі мәселе. Бұл проблема жылдар бойына шешілмей келе жатыр. Әсіресе, кешегі төтенше жағдай режимі кезінде бұл мәселенің өзектілігі арта түсті. Қалаға 300-ге жуық дәрігер қажет. Бұл өте көп. Егер Алматыда жағдай осындай болса, онда шет жатқан аймақтар туралы не айтуға болады?! Аталған жағдайды қаланың денсаулық сақтау басқармасындағы кадрлардың тоқтаусыз ауысуы ушықтырып жіберіп отыр. Онда жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар орын алды. Қалай айтсақ та, денсаулық сақтау басқармасында тұрақтылық болған жоқ. Әкімдік бұл мәселелерді шешумен нақты айналысу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айта келе, қала тұрғындары мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.

Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек.  Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет. Жаппай иммунитет қалыптастырмай ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес. Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту мәселесіне жеке тоқталды. Атап айтқанда қаланың Түрксіб және Жетісу аудандарындағы ескі үйлерді қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар көгалдандыру, қаладағы тазалықты сақтау, құрылыс кезінде сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таулы аумақтардан жер телімдерін беруге қатаң бақылау орнату мәселелері жайында да айтты.

Жалпы Алматыда жер тапшы екені белгілі. Бірақ Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, қалада 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр. Оның бәрін толыққанды экономикалық айналымға енгізу қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қала құрылысының интерактивті картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл, ең алдымен, осы саладағы жұмыстың мейлінше ашық болуы үшін қажет. Президент қоғамдық бақылаудың қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, құрылыс жүргізу үшін Қоғамдық кеңестің келісімі талап етілетін жерлер картада айқын белгіленуге тиіс.

Мемлекет басшысы Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы пікірін айтты.

— 2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынады.

— Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экологияға, оның ішінде, екінші ЖЭО-ның қайта жөндеу жұмыстарының бағасын қымбаттатпауға және оны созбалаңға салмауға, үшінші ЖЭО-ны жаңғыртуға, жеке секторға газ тартуды аяқтауға, көліктерге жанар-жағармайдың таза түрлерін пайдалануға, қалдықтарды пайдаға жаратуға, Сайран суқоймасы айналасындағы аумақты абаттандыруға және қалпына келтіруге ерекше тоқталды.

«Жасыл» алапты біртіндеп кеңейту өзекті міндет болып отыр. Президент бұл мәселеде ағаштардың заңсыз оталуына және бақтардың жойылуына, оның ішінде, қаланың тарихи орталығындағы көгалдарға қатысты алаңдаушылығын білдірді. 

— Қаланы көгалдандыру мәселесінде науқаншылыққа, ұқыпсыздыққа және әлдекімдердің мүдделерін қолдауға жол берілмеуі тиіс. Бұл мәселеде ғылыми көзқарасқа, кәсібилікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қаланы үйлесімді дамытуға басымдық берілуі керек. Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға міндеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Алматы агломерациясындағы қала маңын және елді мекендерді дамыту қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы – Қазақстандағы ең үлкен қала ғана емес, еліміздегі агломерацияның ірі орталығы.

— Алматы қаласы мен Алматы облысының даму мәселесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Негізгі сапалы жұмыс орындары қалада жасақталады. Бұл мерзімдік миграцияны ынталандырмай тұрмайды, – деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерімен бірлесіп, агломерацияның көліктік моделін жасауды тапсырды.

— Алматы агломерациясын басқару жөніндегі кеңесті құратын кез келді. Оны былтыр қолға алу керек еді. Ол кезекті отырыс өткізу органына айналмауы тиіс. Оған жалпы агломерациялық мәселелерді шешу үшін барлық қажетті уәкілеттіктерді беру керек. Бұл мәселені орталық деңгейде шешу үшін бұған Премьер-Министрдің орынбасарын жауапты етіп бекіту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды деп санайды. Ол үшін қаланың кейбір аудандарын жарықтандыру, бейнебақылау камераларының интеллектуалдық әлеуетін пайдалану және оларды Жедел басқару Орталығына интеграциялау жөніндегі мәселелерді шешу қажет.

Президент сөз соңында Алматы әкіміне жүктелген міндеттерді мұқият іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында болатынын атап өтті.

Отырыста, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов және Алматы сәулетшілер одағының төрағасы Сергей Мартемьянов сөз сөйледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары