Қызылағаш су қоймасының бөгетінде жарықшақ пайда болды. 2010 жылғы апаттан кейін бюджеттен 6 миллиард теңге жұмсап салынған су қоймасы әлі толық қарқынмен жұмыс істеп тұрған жоқ. Бірақ соған қарамастан, бетон қабырғаларында сызат пайда болған. Мамандардың айтуынша, бөгетке жарықшақ түсу қалыпты жағдай. Қазір қоймада тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазады malim.kz порталы.
«2020 жылы «Қазгидросушаруашылығы» келісімімен қоймаға 20 млн метр куб су толтырылды. 2021 жылы 30 млн метр куб, 2022 жылы 37-40 млн метр куб су толтыру жоспарланып отыр. Осыдан кейін ғана нысан пайдалануға беріледі. Жақында әлеуметтік желіде су қоймасында апаттық жағдайдағы жарықшақтар пайда болғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Ол жерде микро жарықшақтар бар. Гидротехникалық кешендерді салу приактикасында ол қалыпты жағдай ретінде бағаланады», - дейді «Қазсушаруашылықтың» Алматы облысы бойынша филиалының басшысы Саят Құдайбергенов.
Қызылағаш тұрғыны Алмас Мұсабаевтың сөзінше, құрылыс кезінде жіберілген қателіктердің салдарынан қойма бөгетінде жарықшақ пайда болған. Әлеуметтік желіде ауыл халқы соны көрсеткен.
«Бұрын дамбының астында үлкен құбыр болған. Ал бұлар оны алып тастап, орнын тегістеп, бөгетті сала салған. Қазір сол құбырдың орнынан су ағып, жарықшақ пайда болған. Бір сөзбен айтқанда, дамбы қайтадан бұзыла ма деген қауіп бар. Халық инстаграм сияқты әлеуметтік желілерге жариялап, айтып жатыр. Одан басқа не істей алады?.. Ешқандай бақылау болмаған. Барлығы өз қалтасын ойлаған. Қазір су қоймасында бұрынғымен салыстырғанда екі есе көп су жиналып тұр. Егер ол су келетін болса, түгін қалдырмай бірақ шәйіп кетейін деп тұр», - дейді Алмас Мұсабеков.
Қызылағашта 2010 жылы наурыздың 11-інен 12-іне қараған түні су қоймасында апат болып, салдарынан ауылды су шәйіп, 300 адам жарақаттанып, 2 мыңға жуық адам эвакуацияланып, 45 адам (оның ішінде 15 бала) көз жұмған.