Алматы облысының тұрғыны итке қорлық көрсетті деген күдікке ілінді. Оған Қылмыстық кодекстің 316-бабы «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп жазды aikyn.kz.
Әлеуметтік желіде Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылының 30 жастағы тұрғыны итті ағашқа байлап, ұрып-соққаны туралы хабар тарады. Ондағы автордың мәліметінше, жүкті әйел иттің басынан балтамен ұрып, пышақпен қорлаған. Оны көрген тұрғындар итті арашалап, қауіпсіз жерге алып кеткен. Содан кейін итті еріктілер ветеринарлық клиникаға апарған. Үй жануары жабық ми жарақатын алып, басы қанталаған.
Оған ауылдағы бірнеше бала да куәгер болған.
«Балтаның ұңғысында шеге болса керек, себебі, ол иттің басының терісі мен тіндерін тесіп өткен. Көзі мен мұрны қанталаған. Аяғын әрең басып тұр, көздері ісіп кеткен. Қазір жағдайы ауыр», – деді еріктілер.
Бүгінде қылмысқа қатысты куәгерлерден жауап алынып, сараптама тағайындалды.
ҚК 316-бабы бойынша ірі көлемде айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.