$ 494.87  520.65  4.91

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын алтынсыз аяқтады

Қыздар құрамасы 8 алтын иеленген болатын.
Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Дубайда бокстан Азия біріншілігі соңына жетті. Бүгін финалда өнер көрсеткен қазақстандық бес боксшы да жеңіліп қалды.

49 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Даниал Сәбит өзбек боксшысы Нодиржон Мирзахмедовтен жеңілді. Төрешілер оған жеңісті бірауыздан берді. Мирзахмедов бұған дейінгі Азия чемпионатында да жеңімпаз болғанын айта кету керек.

69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповтің де жолын өзбек боксшысы бөгеді. Бобо-Усмон Батуровпен жұдырықтасқан жерлесіміз қабағынан жарақат алып, жекпе-жек бірінші раундта тоқтатылды.

75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Әбілхан Аманқұл өзбек Саиджамшит Жафаровқа жеңілді. Екінші раундта қазақ боксшысы қарсыласын нокдаунға жіберген. Үшінші раундта да Әбілхан өзбек боксшысын қуып жүріп ұрған. Алайда, төрешілер жеңісті Жафаровқа берді.

Ал, Азия чемпионатының басты фавориті саналған Василий Левит (91 кг) Үндістан боксшысы Санжитке жеңілді. 

Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев та Өзбекстан боксшысы Баходир Жалоловтан жеңілді.

Айта кетейік, кеше Қазақстанның қыздар құрамасы Азия чемпионатында сегіз алтын медаль жеңіп алған еді. Оларды Мемлекет басшысы құттықтап, алдағы сайыстарда да биік тұғырдан көріне беретініне сенім артты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары