Шымкентте 18 жастағы үш бозбала "терроризмді насихаттады" деген күдікпен ұсталған. Оларға, сондай-ақ "діни алауыздықты қоздыру" сынды тағы бірнеше баппен айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
сот
Қылмыстық іс Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Өйткені күдіктілер ұсталған уақытта, олардың бірі 17 жаста болыпты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің назарына ілігіп, өткен қазан айында қамауға алынған үш жігіт – бір сыныпта оқыған, өзара достар. Сайрам тұрғын алабының тұрғындары. Тергеу барысында жастардың өзара терроризмді насихаттағаны дәлелденді дегенмен, олардың ата-аналары мұның бәрі жала деді. Әдейі ұйымдастырылған әрекет деп санайды.
"Намаз оқу, Ораза ұстау, Алла жолында жүру, Пайғамбар сөздерін айтқан. "Дін жолында өмірімді бағыштасам..." депті. Соған "өзін өзі құрбан етпекші" деп айыпталып жатыр", – дейді ата-ана Ұлықбек Туламетов.
"Ұлымнан олар әңгіме барысында: "Егер елімізге дұшпан келсе, қорғайсың ба?" деп сұраған. Ұлым: "Иә, қолыма автомат алып атамын" деген. Олар осы сөзді терроризмге оқталу деп санап отыр. Қару алып қорғаймын деген сөзді іліп алып отыр", – дейді тағы бір айыпталушының әкесі Фахриддин Имамрасулов.