$ 446.49  475.38  4.79

ОҚО-дағы Ташкент тас жолында өз тойына асыққан жас жұбайлар жол апатынан қайтыс болды

Шымкент пен Ташкент арасын жалғайтын трассада соңғы бес күнде үшінші ірі жол апаты орын алды. «Ташкент-Алматы-Термез» тас жолының бойында «Ақжол» дәмханасына жақын маңда Mercedes-Benz көлігі жол бойында тұрған ГАЗель жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлікте болған үш жолаушы мен жүргізушісі қайтыс болды деп жазады Otyrar.kz.

Куәгерлердің айтуынша, Mercedes-Benz жоғары жылдамдықта жүйіткіп келіп, жүргізушісі тізгінді игере алмай қалған. Салдарынан жол жиегінде тоқтап тұрған ГАЗельге барып соқтығысыпты.

Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көлік адам танымастай болып мыжылып қалған. Салонда болған үш жолаушы оқиға орнында көз жұмыпты. Жүргізушіні жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кеткен. Алайда, ол да алған дене жарақаттары салдарынан жолда қайтыс болды.

Оқиға болған сәтте ГАЗельде адам болмаған. Оның жүргізушісі тамақтанып алу үшін дәмханаға кіріп кетіпті.

Белгілі болғандай, Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі бүгін үйленуі тиіс болған. Көлікте қайтыс болған жолаушылардың бірі оның болашақ жары екен. Олар өз тойлаына асыққан деп жазады ақпараттық портал тілшілері. Қайтыс болған тағы екі адамның кім екені анықталуда.

Айта кетейік, апат болған жол бөлігінде бірнеше уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның салдарынан көліктер қарсы бағытпен жүруге мәжбүр. Бұған дейін осы трассада бірнеше адамның өмірін жалмаған екі жол апаты болып үлгерді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары