Сауд Арабиясының екі азаматы Қазақстанда құрудың сәл-ақ алдында тұрған құстарды атып алған. Шетелдіктер Бетпақдаланың Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты аумағынан ұсталған. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды дейді Жамбыл облыстық ІІД өкілдері.
Браконьерлерге тиесілі көліктердің салонын тексеру кезінде табиғат қорғаушылары 6 қарабауыр бұлдырық құсының және бір дуадақтың өлексесін тапқан. Бұл құстар табиғатта өте сирек кездеседі және "Қызыл кітапқа" енгенін айта кету керек.
"Автокөлікті тінту барысында аңшы мылтығы және жеті оқ-дәріт тәркіленді", - делінген жамбылдық полицейлер таратқан хабарламада. Ұсталған екі арабтың бірі уақытша ұстау абақтысына қамалса, екіншісі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Қазақстанда шөл далалар игерілгелі бері қарабауыр бұлдырық құсының саны күрт азайып кеткен. Оларды тек Бектпақдаланың батысы мен Сарысу өзенінің бойынан ғана кездестіруге болады. Құстардың нақты саны белгісіз. Дегенмен, браконьерлер салдарынан олардың қатары жыл сайын азайып барады.