22.06.2021, 20:37

Ақтөбе облысында болған жол апатынан үш адам қаза тапты

Тағы екеуі ауруханада жатыр.

Ақтөбе облысында болған жол апатынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

21 маусым күні сағат 17:21-де “Қарабұтақ-Қостанай” автожолының 171 шақырымында Lifan автокөлігінің 57 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып, РФ азаматының басқаруындағы MAN жүк автокөлігімен соқтығысқан.  

ЖКО нәтижесінде Lifan автокөлігінің жүргізушісі, 1980 және 1959 жылдары туған екі жолаушысы ЖКО орнында көз жұмды. Сонымен қатар 1969 жылы туған әйел мен 1973 жылы туған ер адам Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді.

"Өкінішке орай, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер жол абайсыздықты кешірмейтіндігін ұмытып кетеді. Апатқа әкелетін басты себептердің бірі – жол қозғалысына қатысушылардың қолданыстағы ережелерді саналы түрде елемеуі", – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов. 

А.Арыстановтың айтуынша, көлік құралдарының барлық түрлерінің жүргізушілерінің кінәсінен болған оқиғалардың негізгі себептері жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау және жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзу, көлікті мас күйінде басқару болып табылады.