$ 494.87  520.65  4.91

Түркістан облысында жоғалған 7 жігіттің оқиғасы: Бекнұрды әкесі саяхатқа жібермей алып қалған

Бекнұрдың анасы Бану Смағұлованың айтуынша, ол бұл оқиғаны алдын ала сезгендей болған.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Түркістан облысындағы тауларда жоғалған жеті студент сапарға сегіз жігіт болып шықпақ болған. Алайда сегізінші студент - Бекнұрды соңғы сәтте әкесі үйдегі құрылыс үшін алып қалыпты. Бекнұрдың анасы Бану Смағұлова Tengrinews.kz тілшісіне оқиға жайлы әңгімелеп берді.

Бану Смағұлованың айтуынша, ол бұл оқиғаны алдын ала сезгендей болған.

«Бұл орны толмас өте қайғылы жағдай болды. Соңғы кездері аузымнан «Ойладың ба мені келіп қалды-ау, деп. Бір жолаушы есігіңді қаққанда» деген әннің сөзі кетпей, көзімнен де жас тиылмай, үйде жүрген балама қарап, көңілім қатты бұзылатын. Балам Бекнұр Абылайдың (Абылай Тоқтасын - жоғалып кеткен студенттердің бірі - Авт.) сыныптасы, көз алдымда өскен балалар. Үйде құрылыс жүріп жатқан соң әкесіне көмегі қажет деп, Бекнұрды алып қалды», - дейді Бекнұрдың анасы.

Бекнұрдың анасының айтуына қарағанда, жігіттер саяхаттан оралып, сабаққа дайындалмақ болған.

«Олар саяхаттан оралған соң әдеттегідей Нұр-Сұлтан қаласында бәрі бірге пәтер жалдап, сабағына дайындалатын болып келіскен еді. Мұның алдында да бәрі солай бірге тұрған. Пәтерге де ақысы төленіп, бір кілт қалтасында болған еді. Бекнұр Нұр-Сұлтанға дәл кететін күні «достарымның келетін уақыты болды, хабарсыз" деп уайымдай бастады. Содан кейін олардың іздестіріліп жатқаны туралы хабарды естідік», - деді Бану Смағұлова. 

Жоғалып кеткен студент жігіттер оқуда үздік болған.

«Ата-аналарының қандай жағдайда екенін елестете де алмаспын, бір айдан бері ішім удай ашып, жүрегім ауырып, дұға тілеумен болдым. Ең болмаса Нұрдәулет (Нұрдәулет Наурызбай - кеше өлі табылған жігіт - Авт.) аман келетін шығар, деп қатты үміттеніп едім. Неше уақыттан бері әлгі өлеңнің сөзі аузымнан неге түспей қойғанын енді ұққандаймын. Бәрі мектепті «Алтын белгіге» бітірген, арман-мақсаттары өте биік балалар еді. Алған білімімізді шетелде жалғастырармыз деп айтып отыратын балам», - деді ол.

Бану Смағұлованың айтуынша, жігіттер ең биік шыңды бағындырмақ болып сол саяхатқа аттанған екен.

«Олар сол армандарының жетегіне еріп, осы өңірдегі ең биік шыңды бағындырмақшы болған. Менікі де пендешілік қой, қасындағы үш жолдасына ренжідім, «қаланың іші емес, сендер қайта беріңдер дейтін, тау тастың арасында солай бөлініп кетуге болады ма екен?», деп. Бала ғой... Не болса да бар сырлары іштерінде кетті... Жандары жәннатта болсын, жандарымның, есіме түссе сөйлей де алмаймын! Ата-аналарына қатты қайғырып көңіл айтамын, Алла сабыр берсін!», - деді Бекнұрдың анасы Бану Смағұлова.

Еске салайық, 25 мамырда Түркістан облысының тауларында жеті турист жоғалғаны хабарланған еді. Олар екі топқа бөлінген. 28 мамырда үш адам тірі табылды. Олардың екеуі 1999 жылғы және біреуі - 2000. 29 мамырда құтқарушылар екі туристің мәйітін тапты және біреуі 12 маусымда өлі табылды.

Құтқарушылар туристердің соңғысын кеше, 22 маусымда тапты, іздеу 27 күнге созылған. Жоғалған жеті адамның алтауы Назарбаев Университетінің студенті екені белгілі. Аталған дерек бойынша Түркістан облысының полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары