25.06.2021, 11:40

Масқара жағдай! Ел тұрғындары енді көпшіліктен картоп пен сәбіз үшін ақша сұрауға мәжбүр болып отыр

Фото: azattyq-ruhy.kz
Пандемия кезінде табысы азайған отбасын қазір балалардың болашағы емес, қарынның қамы көбірек алаңдатады.

Картоп пен сәбізді грамдап сатып алып отырған елордалық көпбалалы ана Айжан Аманова еліміздегі азық-түліктің бағасының күн санап қымбаттап жатқанына алаңдаулы. Өйткені, күнделікті ас мәзірінен етті әлдеқашан алып тастаған бұл отбасыға бағасы аспандап кеткен картоп пен сәбіз сатып алу қиынға соғып отыр. Себебі, бұл үйде табыс табатын тек күйеуі, ал әйелі денсаулығына байланысты жұмыссыз отыр. Төрт баласының ешқайсы әлі еңбекке жарамсыз.

Azattyq Rýhy тілшісі журналистердің көмегіне жүргінген бұл отбасының тіршілігін өз көзімен көріп қайтты.

«Менің оң жақ бүйрегім ауырып, қазір жұмысқа жарамсыз болып қалдым. Кезінде еден жудым, еңбектен қашқан емеспін. Бүйрегіме ота жасаудың алдын алу үшін түтікше (стент) орнатты. Дәрі-дәрмекпен отырмын. Оған қоса, балаларым кішкентай. Сол балаларыма қарап, үйде отырамын», - дейді Айжан.

Кейіпкеріміздің «үй» деп отырғаны – шағын бөлме. Сол тар бөлмеде бұл отбасы тамақ та пісіреді, оны отырып осы жерде жейді және ұйықтайды. Әжетханасы да дәл жанында.  

«Бұл жатақхананың бір бөлмесіне 55 мың теңге төлейміз. Жолдасым құрылыста істейді. Соның тапқан ақшасы мен 4 бала үшін мемлекет беретін жәрдемақыға күн көріп отырмыз. Тұңғышым колледжде оқиды. Оқу ақысы жылына 150 мың теңгені құрайды. Екінші балам 6-сыныпты, үшіншім 1-сыныпты аяқтады. Ал кенжем 3,5 жаста. 7 айлық кезінде менингит болып ауырып, содан кейін денесі құрысып қалатынды шығарды. Ойнап жүріп, құлап қалады да, аузынан су кетеді. 1 жыл ауруханада жатып емделіп, дене құрысуын әрең дегенде тоқтаттық. Кішкентайымның денсаулығы үшін көңілім жарым», - дейді ана.

Баланың дене құрысуы тоқтағанымен, әлі невропотолог есебінде тұр. Алайда, бұл отбасы баланы әрі қарай тұтастай емдеуді емес, күнделікті тамақтың қамын ойлап жүр.

«Етті мүлдем сатып алмаймыз. Ет алсақ, пәтерақысын төлей алмай қаламыз ғой. Картоп пен сәбіздің қымбаттап кеткені масқара болды. Енді қайтіп күнелтпекпіз? Балаларымның ағзасына дәрумендер ең болмағанда сол көкөніс арқылы баратын еді. Енді ол да жоқ. Картоп пен сәбіз алуға мейірімді жандардан көмек болса деп сұраймын. Басқа мәселемді айтпай-ақ қояйын», - деп көпбалалы ана елорда тұрғындарынан, қайырымды жандардан көмек сұрады.

2005 жылы еңбек етіп, ақша табу мақсатында елордаға келген отбасының әлі күнге дейін жағдайы оңалмай келеді. Оған бір жағынан денсаулығы, бір жағынан қымбатшылық әсер етіп отыр. 41 жасында бүйрегі сыр берген Айжанға да күтім керек екен. Пандемия кезінде табысы азайған отбасын қазір балалардың болашағы емес, қарынның қамы көбірек алаңдатады.