Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «Олимп» БК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады, деп хабарлайды Stan.kz.
Осы іске қатысы бар адамдар (20-дан астам адам - 11 адам айыпталушы, 9 адам іздеуде) ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны, салық төлеуден жалтарғаны, алынған ақшаны заңдастырғаны (жылыстатқаны) үшін сотқа тартылды.
Сот іздеуде жүрген 9 адамның адамдардың экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшін тұрақты ұйымдасқан топ құрып, оның қызметіне басшылық жасағанын анықтады. Топтың негізгі қылмыстық әрекеті букмекерлік кеңсені заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру арқылы қылмыстық кірістердің тұрақты табысын алудан, салық төлеуден жалтару және қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа мүлікті одан әрі заңдастырудан тұрады.
Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері нәтижесінде мемлекетке 95 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген.
«Сот отырысында айыпталушылар қылмыстық топтың бар екендігі туралы білмегендерін айтып, өз кінәларын мойындамады. Қорғаушы тарап соттан айыпталушыларды ақтауды сұрады. Сот айыпталушылардың кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде жасырын тергеу әрекеттерімен дәлелденді деген қорытындыға келді», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотта прокурор айыптауды қолдап, барлығына бас бостандығынан айыру түріндегі нақты жазаны сұрады. Сот айыпталушыларға жаза тағайындағанда, жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, оларды орташа дәрежелі қылмыстық-атқару жүйесінде 5 жылдан 8,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушылардың қылмыстық жолмен алынған мүлкі мемлекет кірісі ретінде тәркіленді.
Сотталушылардан мемлекетке табыс ретінде келтірілген материалдық шығын - 95 миллиард теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы Олимп букмекерлік кеңсесінің әкімшілігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деп айыпталды.
2020 жылдың 22 қаңтарынан бастап Олимп букмекерлік кеңсесі тоқтатылғанына байланысты қазақстандық лицензия бойынша ставкаларды қабылдай алмайды.