Бүгін сотта өкілеттігін асыра пайдаланды және қару сақтады деп айыпталған «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп жауап берді. Ол ештеңе ұрламағанын, заңға қайшы әрекет етпегенін және өзіне тағылған айыпты түсінбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы өз қызметі барысында компания 26 миллиард теңгені үнемдей алғандығын мәлімдеді. Сол уақытта ол бұл ақшаны өзіне дейін әлдекімдер алып отырғанын түсінгенін айтады.
«Мен 2 жыл жұмыс істедім - барынша ашық жұмыс істедім. Бізді қанша рет тексерді, маған ешқашан айып тағылған жоқ. Жеткізушіні (поставщик - ред. ескертпесі) таңдау кезінде бірде-бір шешім дау тудырған жоқ. Құқық қорғау органдары тарапынан тексерістер болған. Бас прокуратура 2019 жылы бізді 8 ай бойы тексерді. Мен кеткеннен кейін Бас прокуратура «СҚ-Фармация» компаниясын да тексерді.
Егер мен қандайда бір мүддені көздеген болсам, не үшін бәрін видеоға түсіріп, онлайн сатып алу процестерін жүргіздім? «Іңкәр» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан кезде бізге экономикалық тергеу қызметі келді және біз оларға іс материалдарын ұсындық. Мен медициналық ұйымдарды медициналық өнімдермен қамтамасыз етуге тырысып, өз жұмысымды істеп жүрдім. Тіміскі әрекеттерді қайдан көріп тұрсыздар? Мен айыптаудың мәнін түсінбеймін. Мен бұл сұрақты сотқа дейінгі айыптау органына да қойдым, «маған қандай айып тағып отырсыз?» деп сұрадым.
Мен прокурор мырзаға бұл күлкілі болып көрініп отырғанын байқап отырмын, бірақ маған да бұл күлкілі көрінеді. Мен ештеңе ұрламадым, ештеңені қолды қылмадым, барынша таза жұмыс істедім. Алғашқы жылы-ақ 26 млрд үнемдедім. Маған «егер сіз осындай ақшаны үнемдесеңіз, біреу бұрын осындай ақшаны алып отырғанын түсінуіңіз керек» дегендері есімде. Мен 361-бап бойынша тағылған айып негізсіз деп санаймын. Мен өз жұмысымды атқарып келдім», - деді Берік Шәріп.
«Мен тапаншаны қолданған жоқпын»
Сондай-ақ, Шәріп қаруды заңсыз сақтады деген айыптауларға жауап берді.
«Шынында да, мен 2006 жылы Шымкенттегі «Арсенал» дүкенінен тапанша сатып алдым. Бірақ мен оны ешқашан қолданған емеспін. Мен көшкеннен кейін тапаншаны өткізу қажет екенін білмедім. Менің екі мылтығым бар - мен аңшымын, қару ұстауға рұқсатым бар, бәрін ресми тіркедім. 2013 жылы мылтықты тапсырдым, рұқсат қағаздары болды. Егер сол кезде маған біреу бәрін тапсырып, тіркеу керек деп түсіндірсе, мұны да жасар едім», - деді ол.
«Екі мың дәрігердің дертті жұқтырғаны үшін кінәлау ақылға қонымсыз»
Сондай-ақ, Шәріп дәрігерлерге арналған жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) сатып алу ережелерін бұзбағанын алға тартты - оларды сатып алу туралы компаниямен келісімшарт 10 күнде жасалғандықтан, «СҚ-Фармация» жұмысының өз бөлігін аяқтады дейді бұрынғы басшы.
Тағы оқыңыз: «СҚ-Фармация» емес, Қытай кінәлі»: Біртанов сотта Берік Шәріпті қорғап куәлік берді
Естеріңізге сала кетейік, айыптаушы тарап Шәріптің келісімшарт жасасу үшін «Іңкәр» ЖШС-ны әдейі таңдағанын, олардың Қазақстан аумағына ЖҚҚ әкелуге және пайдалануға рұқсаты жоқ екенін біле тұра келісімшартқа отырғанын - компания ЖҚҚ-ны Қытайдан әкелуге тырысқанын, бірақ одан ештеңе шықпағанын мәлімдеген еді.
«10 күн ішінде біз келісімшартқа қол қойдық. Сатып алу процедурасын бұзудың қандай түрі туралы айтуға болады? Біз мүмкіндігінше жылдамдатуға тырыстық. Егер қалыпты жолмен жүрсек, тауарды 4-5 айда алатын едік. Жағдайда түсіну қажет болды, жауапкершілікті өз мойнымызға алуға тура келді. Біз өз тарапымыздан қажет жұмысты атқардық. Біздің кесірімізден дертті жұқтырды деп айыптау ақылға қонымсыз. Мен кеткеннен кейін, яғни 2020 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін 15 мыңға жуық медицина қызметкері коронавирусты жұқтырды. Менің кесірімнен 2000 медицина қызметкері дерт жұқтырды деп айыптауда. Бірақ мұнда менің көптеген әріптестерім, дәрігерлер, санитарлық дәрігерлер, түрлі мемлекеттік органдардың басшылары, Денсаулық сақтау министрлігі куәгер ретінде қатысты - барлығы бірауыздан ЖҚҚ тапшылығы дертті жұқтырудың жалғыз себебі бола алмайтынын айтты. Бұл мультифакторлық жағдай екенін, көптеген себептер барын түсіну керек. Дертке төтеп беруге бірде-бір ел дайын емес болмағанын түсіну керек», - деді Шәріп.
Естеріңізге сала кетейік, Шәріпке қатысты сот ісі 2021 жылдың сәуір айының соңында басталған еді.