Елде қуаңшылық болып, мал талғажау қылар шөп таппай қырылып жатқанда Құрмет Талапқазы есімді азамат халыққа үндеу жасады. Ол өзен-көл жағаларындағы қамысты орып, Батыс өңірлерге жөнелтуді ұсынды. Бұл ұсыныс ел ішінде кең қолдау тауып, Құрметпен бірлесе қимылдаушылар саны артты.
Нәтижесінде Батысқа вагон-вагон шөп жіберіле бастады. 24 жастағы Құрмет Талапқазы БАҚ-қа берген сұхбатында базарда жұмыс істейтінін айтты. Бірақ оның жоғары білімі жоқ екен. Бұл туралы оның досы Сүндет Сейітов Facebook парақшасында хабарлады.
"Құрмет - менің досым. Бірнеше жылдан бері жақсы араласамыз. Өзімде талай қонақ болды. Бірақ, содан бір жылдай уақыт көріспей кеттік. Енді міне, менің өзім оны интернеттен көріп, таңданып отырмын. Ол Қытайдан атамекеніне келіп, осы Шымкентті паналады. Дайындық курсында оқып, М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенті атанды. Кейіннен орыс тілін білмегені үшін һәм отбасылық жағдайдың салдарынан оқудан шығып кеткенін естідім. Құрметке құрмет көрсетуіміз керек. Алдымен өз мамандығының иесі екенін дәлелдейтін куәлігін (диплом) әперіп, сосын оған Шымкентте тұруға жағдай жасаудың шарасын көруіміз керек. ОҚУ-дың ректоры Дария Кожамжарова апайымыз шәкіртінің оқу жағдайын қалыпқа келтіреріне сенімдімін. Апайым бұған бей-жай қара алмайтынына еш күмәнім жоқ. Құрметке құрмет көрсетуіміз керек!" - деп жазды Сүндет Сейітов.