Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым, Әбсаттар қажы Дербісәлі өмірден озды. Бұл жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Бұл бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді.
Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығысып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді.
Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады.
Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын»,- деп жазды ол.
Екі күн бұрын ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы дінтанушы ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған еді.
Skifnews.kz ұжымы атынан көңіл айтамыз!