$ 443.85  474.3  4.8

Түрмедегі құлаған жатақхана бойынша қылмыстық іс қозғалды

Қазіргі таңда қайтыс болғандардың саны үш адамға жетіп, 11 сотталған әртүрлі дене жарақаттарын алғандығы анықталды.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Ақтау түрмесінде сотталғандар жатақханасының құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады ЭК. Қазіргі таңда қайтыс болғандардың саны үш адамға жетіп, 11 сотталған әртүрлі дене жарақаттарын алғандығы анықталды.

— Өкінішке орай, сотталғандардың үшеуі алған жарақат салдарынан, оқиға орнында көз жұмды. Сегіз сотталған уақтылы медициналық көмек көрсетуге ауруханаға жеткізілді. Олардың төртеуі медициналық тексеруден кейін мекемеге қайтарылды. Қайтыс болғандардың жақын туыстарымен байланыс орнатылып, қажетті көмек көрсетіліп жатыр, — деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.

Ауруханаға жатқызылған сотталғандар түрмеге оралғаннан кейін, туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесетін болады.

— Бүгін таңертең ауруханаға Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров пен ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов келіп, жағдайларын білген. Зардап шеккендердің біреуі ауыр хәлде, үшеуі түрлі жарақат алған, жағдайлары орташа, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысының Полиция департаменті ҚР ҚК 278-бабының 3 тармағымен (Адамдардың өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс) сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Осы оқиғадан кейін арнайы комиссия ҚАЖ мекемесінің аумағындағы барлық ғимараттарға техникалық тексеру жүргізіп жатыр. Жағдайды ІІМ басшылығының ерекше бақылауға алды.

Айта кетейік, Ақтаудағы ГМ-172/6 түзету мекемесінде сотталғандарға арналған жатақханалардың бірі құлап, 2 адам қайтыс болғандығы туралы хабарланған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары