$ 494.87  520.65  4.91

Ауыл әкімін сайлауға бармаймыз: Алматы облысында тұрғындар шу шығарды (ВИДЕО)

Амалы таусылған жұрт халықты ойламайтын әкімді не үшін сайлаймыз деп мұң шағады. Интернеті, газы, жолы мен суы жоқ ауыл тұрғындары тіпті сайлауда бақ сынайтын үміткерлерді танымайды екен.

Қаратөбе тұрғындары әкім сайлау науқанына қатысудан бас тартты

Алматы облысында Қаратөбе ауылының тұрғындары алдағы ауыл әкімдерін сайлау науқанына қатысудан бас тартты. Қарасай ауданына қарасты бүтін бір ауылдың айтуынша, талай әкім келіп-кеткенімен елдімекенде қордаланған мәселенің біреуі де шешілмеген.

Амалы таусылған жұрт халықты ойламайтын әкімді не үшін сайлаймыз деп мұң шағады. Интернеті, газы, жолы мен суы жоқ ауыл тұрғындары тіпті сайлауда бақ сынайтын үміткерлерді танымайды екен.

Әкім-қаралардан көңілі қалған қаратөбеліктер саяси дода алдында тайлы-тұяғы қалмай көшеде жүр. Қолына түрлі плакат ұстаған жұрт бірауыздан алдағы ауыл әкімін сайлау науқанына қатыспаймыз дейді. Өйткені талай әкімнің құрғақ уәдесіне тойған қараша осы уақытқа дейін ажары қашқан ауылды өрге сүйрейтін бір адам табылмағанына қапалы. 

Алтын Келменбетова, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Бұл жерде бір жарым мың адам тұрады. Не су жоқ, не жол жоқ, не газ жоқ. Балалар ойнайтын жер де жоқ, балабақша жоқ, Интернет жоқ, медпункт жоқ. Алматыдан небәрі 29 шақырым. Ешкім келмейді. Бармайыз. Пайдасы жоқ бізге, керегі жоқ.

Нүрия Оспанова, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Бұл ауылды адам тұрмақ, әкімдік тұрмақ, Құдай да ұмытып кетті, шындығын айтсақ. -Әкім халық үшін сайланады. Халықты әкім ойламаса, неге халық әкімді ойлау керек? Бармаймыз деп бірауыздан шештік. Әкім сайлауына түспейміз, бармаймыз. Ауылға кіргізбейміз.

Тұрғындар айтқандай-ақ, көктемде саз балшыққа айналатын көшелер жаз шыға көк шаңға көміледі. Фельдшердің үйіне барып ем-дом алатын ағайын қазір ол мүмкіндіктен де қағылыпты. Тіпті тұрғындар бау-бақша баптамақ түгілі, аптап ыстықта бір жұтым ауыз суға зәру.

Қуаныш Төлекбаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Екі сиыр алыңдар деді ғой. Алдық, ал су жоқ. Жалғыз колонка ма? Бүкіл мың жарым халқы бар ауылға бір колонка! Оның өзі істемейді. Еститін құлақ жоқ. Әкім өзі мына суды ішпегеннен кейін, әкімнің бұнда шатағы да жоқ.

Дегенмен Қаратөбеде саяси науқанға қызу дайындық басталып кеткен сыңайлы. Ауылдағы жалғыз өркениет ордасына айналған мектеп қабырғасына хабарлама ілініп, сайлау учаскесінің нөмірі де жазылған. Бірақ қарапайым жұрт әлі күнге үміткерлердің кім екенін білмейді.  

Алтын Келменбетова, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Бір әкімнің орынбасары келіп айтқан жоқ. Мысалы, кандидаттар жазылып тұруы керек, мектептің алдында. Жалғыз бетке ұстарымыз мектеп қана. Мына кісі әкім болайын деп жатыр деген сияқты. Халық сайлайды ғой әкімді. Бәрін өздері шешеді. Бәрін өздері сайлайды. Қалтасына салады, кетеді, болды. Үміткерлерді танымаймыз, білмейміз. Әкімнің кім екенін тіпті білмеймін.

Әкімін танымайтын тұрғындар оның орынбасары алып-ұшып жеткенде біраз сұрақтың астына алды. Саяси науқаннан гөрі, ауылдың тұралаған тіршілігі шымбайына батқандар жан-жақтан қаумалап, түбіне топырақ тұнған суды шенеунікке ішіп көруге ұсынды. Алайда әңгіме ауанын ауыстырған әкімдік өкілі үміткерлер жайында әлеуметтік желіден қарауға болады дейді. Онсыз да жүйкесі тозған жұрт инернеті жоқ ауылда қайдан әлеуметтік желіні бақылаймыз деп шулады. Десе де жергілікті атқамінер бес күн бұрын үгіт-насихатты  бастаған кандидаттар Қаратөбге ертең келетінін айтады. Сол кезде үш үміткердің түр-түсін көріп, танысуға мүмкіндік бар. Бірақ жергілікті билік өкілі сан сауалдан сытылып шығуға тырысты.   

Біржан Белғожаев, Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Желтоқсаннан бастап осы жерге әкім орынбасары болып тағайындалдым. Осы ауылға осымен төртінші рет келіп тұрмын. Қазір Елтау ауыл округінде әкім бар ма өзі? Жоқ, Елтай ауылдық округінде әкім жоқ, сәуір айынан бастап. Халықтың айтып отырған мәселесі қай уақытта шешімін табуы мүмкін, сайлау болады, сайлаудан кейін? Онысын нақты айта алмаймын.

Сонымен шаруаға мығым әкімге жарымаған ауыл сайлаудан кейін жырғап кетеміз дегенге сенгісі келмейді. Ауылдың жай-жапсарын облыс әкіміне дейін жеткізген тұрғындар аштық жариялағаннан басқа жол жоқ дейді.

Ал ауыл округтері әкімдерін сайлау шілденің 25-де өтеді

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары