28.07.2021, 10:20

Терезеден құлаған бүлдіршінді қағып алған әжей жұрттың алғысына бөленді (видео)

Фото: ашық дерекөз
Абырой болғанда, бүлдіршін кішігірім жарақаттармен ғана құтылған.

Ресейде зейнеткер терезеден құлаған бүлдіршінді қағып алып, құтқарып қалды деп жазады A42.RU сайты. Новокузнецк тұрғыны балақайдың терезеден құлап бара жатқанын дер кезінде байқап қалған. Бала құлаған сәтте пәтерде ата-анасы болыпты. Алайда олардың баласын ашық терезенің қасында қараусыз қалдырғаны анықталып отыр.

Әлеуметтік желілерде жария болған видеодан әжейдің екінші қабаттан құлауға шақ қалған балақайды байқап, терезеге қарай жүгіре жөнелгенін көруге болады. Ол құлаған балақайды қағып алып, оқыс жағдайдан құтқарып қалған. Сөйтіп ата-анасына табыстаған.

Абырой болғанда, бүлдіршін кішігірім жарақаттармен ғана құтылған. Ал полицейлер мен қоғам белсенділері зейнеткердің бұл әрекетін жоғары бағалап, оны марапатқа ұсынды деп жазады ren.tv. Әжейге алғыс хат, джаз-клубқа шақырту мен гүл шоқтары сыйға тартылған.

Тегтер: терезе бала