Қарағанды облысында 27 жастағы тұрғынға оқ атқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тамыз айының 8-інен 9-ына қараған түні Ескіқалалық полиция бөліміне орталық ауруханаға әртүрлі дене жарақатымен 27 жастағы қала тұрғыны жатқызылғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді.
Полиция қызметкерлері оқиға сөзге келіспеушілік салдарынан болғаны және оның барысында травматикалық қару қолданғанын анықтады.
Аталған факті бойынша Теміртау қалалық Полиция басқармасының барлық жеке құрамына бағыттама беріліп, іздестіру жұмыстары басталған.
«Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталды. 20-37 жас аралығындағы төрт күдікті ұсталды. Полиция қызметкерлері бұзақылық әрекетті бастауға себеп болған 30 жастағы ер адам анықталды. Ол қаладағы үйлердің ауласында жәбірленушімен сөзге келіспей қалып, травматикалық қарумен оқ атқаны туралы мойындау жауабын берді. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, қару тәркіленді», – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан басқа да азаматтарды ұстау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде.