$ 494.87  520.65  4.91

Алматы әкімдігі 20 миллион теңгеге сувенир сатып алған

Қазақстанның кей өңірлерінде малдар аштан қырылып жатқанда, бюджеттің 20 миллион теңгесіне сувенир сатып алған Алматының әкімдігі қазақстандықтардың наразылығын тудырды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның кей өңірлерінде малдар аштан қырылып жатқанда, бюджеттің 20 миллион теңгесіне сувенир сатып алған Алматының әкімдігі қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Шенеуніктер мемлекеттік сатып алу веб-порталына толық мәліметті жүктемеген, ешқандай конкурс та өткізбепті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Алматы әкімдігі Кәсіпкерлік басқармасының 20 миллион теңгеге кәдесый сатып алуға деген құлшынысын пандемия да тоқтата алмады. Осылай деген қоғам белсендісі Дидар Смағұл мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы құжаттардың қып-қызыл қате екенін айтты. Президенттің мұндай шығындарды доғарыңдар деп айтқанына екі жылдан асса да, дәл осы басқарма бюджеттің ақшасын үнемдеуді біле тұра шашқаны заңға да, ақылға да қонымсыз дейді ол.  

“Бұл келісімшарт бір көзден жасалған. Ешқандай конкурс болған жоқ. Екіншісі, бұл тауарды, сувенирді қызмет ретінде сатып алған. Егер қызмет болса, қызмет деп жазылуы керек, тауар болса тауар, ретінде сатып алу жүргізілуі керек. Егер тауар болса онда бір көзден сатып алу болса ол 500 айлық көрсеткішке дейін болу керек. Яғни 1,5 миллион теңгеге дейін, ал мұнда 20 миллион теңге”, – дейді қоғам белсендісі Дидар Смағұл. 

Сонымен, кәсіпкерлік басқармасының өкілдері бұл сомаға қанша көлемде сувенир сатып алғанын айта алмады. Тек жазбаша түрде, биылғы эпид ахуалға қарамастан шетелдік инвесторлармен халықаралық кездесулердің өткенін жеткізіп, сол үшін мемлекеттің ақшасына картина, шапан, естелік жиынтықтарын сатып алындарын айтты. Ал Маңғыстаудағы шаруа қожалықтары бұл 20 миллион теңгеге 100 жылқыны 16 күн бойы асырайтындарын есептеп берді. Бұл қаражатты жұмыссыз жүрген 40 адамға 500 мың теңгеден бөліп беріп, жаңа бизнес бастауына қолдау көрсетуге болады. Не болмаса дәл осы басқарма арқылы инновациялық жобаларға деп қарастырылатын 5 миллион теңгелік гранттардың санын арттыруға жетеді. Ал экономист Мақсат Халық, басқарма Президенттің көңіл көтеруге, имиджді қалыптастыруға бей-берекет ақша жұмсауды доғарып, әлеуметтік салаға бағыттау қажет деген нақты тапсырмасын орындамай отырғанын айтады. 

“Президенттің сөзі жерге қалып тұрғанын көруге болады. Екіншіден сол қаржы менеджерлерінің біліктілігінің төмендігін айғақтайды. 20 миллион теңге аз қаражат деп айтуы мүмкін. Бірақ дәл осында бірнеше баптарды қосатын болсақ, ол аз қаражат болмайды”, – дейді экономист Мақсат Халық . 

Өзге өңірлер ең қажетті деген тауарларға ғана мемлекеттік сатып алулардың жүріп жатқанын айтқанымен, қазынадағы ақшаны жаратудағы тәсілдері әр түрлі екен. Мәселен, Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы 3 миллион теңгеге 30 мың дана дәретхана қағазын сатып алуды көздепті. Яғни, тауардың құнын 100 теңгеден аспауы керек деп есептеген. Ал Батыс Қазақстан облысындағы білім басқармасына қарайтын орталық дәретхана қағазына 400 мың теңге жетеді, ал бір данасын 50 теңгеден сатып аламыз деп көрсетіпті. Порталға жүктелген мәліметте Түркістан облысы қалың дәретхана қағазы қажет деп көрсетіпті.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары